Болашаққа бағдар беретін жарқын жоба
2025 жылғы 8 тамыз – Қазақстан энергетика саласының жаңа дәуіріне жол ашқан күн болды. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында заманауи ірі қуатты атом электр станциясының (АЭС) құрылысына бағытталған инженерлік іздестіру жұмыстары басталды. Бұл – болашақта елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, аймақтық экономиканың дамуына зор серпін беретін стратегиялық жобаның алғашқы кезеңі.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв арнайы қатысты.
«Росатомның» Инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және басқа да техникалық параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша, іздестіру барысында кемінде 50 ұңғыма бұрғыланып, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетеді. Алынған деректер болашақ АЭС-тің нақты орналасатын орнын анықтауға негіз болады.
Алмасадам Сәтқалиев өз сөзінде бұл жұмыстардың стратегиялық мәнін атап өтті:
«Бүгінгі күн – тек алғашқы қадам, бірақ дәл осы қадам Қазақстанның экономикасында жаңа жоғары технологиялық саланы қалыптастыру жолын айқындайды. Біз АЭС құрылысы өңірдің дамуына қуатты серпін береді деп сенеміз», – деді ол.
Алексей Лихачёв та өз кезегінде бұл жобаның Қазақстан үшін тарихи маңызын атап өтіп:
«Бұл кезеңде біз алаңның болашақ атом станциясы үшін толықтай қолайлы екеніне сенімді болу мақсатында мұқият зерттеуге баса назар аударамыз. “Росатом” осы стратегиялық жобаға бар тәжірибесін салуға дайын», – деді.
Болашақ станцияда электр қуаты 1200 МВт болатын III+ буынның заманауи ВВЭР-1200 су-су энергетикалық реакторлары орнатылады. Бұл технология – әлемдік қауіпсіздік стандарттарына сай, қазіргі таңда Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайда сәтті қолданылып жүрген үлгі. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, 2025 жылғы маусымда «Росатом» Қазақстандағы АЭС құрылысы жөніндегі халықаралық консорциумның жетекшісі болып бекітілген еді.
Үлкен ауылы Мойынқұм ауданымен шекаралас орналасқандықтан, жоба көрші ауданның да экономикалық өміріне оң әсерін тигізуі мүмкін. Құрылыс кезеңінде инфрақұрылымдық жобалар қарқын алады, жолдар, байланыс желілері және логистикалық бағыттар жаңарып, жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылады.
Сонымен қатар, жобаның ауқымды әлеуметтік әсері күтілуде. АЭС құрылысына байланысты аймаққа қосымша инвестициялар тартылып, тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандардың – мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелерінің – салынуына жол ашылады. Бұл Мойынқұмдағы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және жастардың өңірде тұрақтап қалуына ықпал етеді.
АЭС – тек энергетикалық нысан ғана емес, ол еліміздің ұзақ мерзімді дамуының іргетасын қалаушы стратегиялық жоба. Инженерлік іздестірулер – қауіпсіздік, сенімділік және экономикалық тиімділік тұрғысынан аса маңызды кезең. Бұл жұмыстардың нәтижесінде станцияны орналастырудың түпкілікті шешімі қабылданып, жобаның халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігі қамтамасыз етіледі.
Егер жоба жоспарланғандай жүзеге асса, Қазақстан электр қуатын өндіруде жаңа деңгейге көтеріліп, өңірлердің, соның ішінде Мойынқұм ауданының да әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түспек.