Шыны шыңдайтын зауыт ашылды

0 40

Байзақ ауданында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған. Міне, соның бір айғағы – Үлгілі ауылдық округінде ашылған «JS CLASS» ЖШС-нің шыны шыңдайтын өндірістік зауыты.

Жаңа зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, сөз сөйледі.

– Бүгінгі күні өңірімізге салынып отырған инвестициялық жобаның бірі – шыны шыңдайтын өндірістік зауыт. Бұның бір ерекшелігі зауыт ауылда ашылып отырғандығы. Бұл жобаның маңыздылығы индустриалдық-инновациялық даму бағытындағы нақты қадамның көрінісі деп айтуға негіз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес аймақта инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндіріс көздерін ашу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында 2025-2028 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол жаңа жұмыс орындары, әрі халыққа жаңа табыс болады. Тек биылдың өзінде 175,2 миллирд теңгеге бағаланған 30 жоба іске асырылып, бір мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Бүгінгі ашылып отырған кәсіпорын осы бастамалардың нақты көрінісі. Бұл жоба ең алдымен жергілікті өнімді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобаның бірі. «Туған жерге туыңды тік» деген даналығын ұстана отырып, туған өлкесіне инвестиция салып азаматтық танытқан азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді аймақ басшысы.

Жаңа зауыттың лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров қиды. Ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашты. Өңір басшысы зауыттың жұмыс процесімен танысып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

Ал, зауыттың құрылтайшысы Жамалхан Ибрагимовтың айтуынша, бұл жобаның құны 1 млрд. теңгені, жылдық қуаты 100 мың шаршы метрді құрайды. Зауыттың мақсаты – Жамбыл облысын жергілікті отандық өніммен қамту. Бұған дейін аймаққа шыны Алматы қаласынан тасымалданып келсе, енді оны өзімізде өндіріп, өзге облыстарға және Алматы қаласына шығару мүмкіндігі туып отыр. Өндіріс ошағында 40 адам екі ауыссыммен еңбек етсе, мұндағы пештер тоқтаусыз жұмыс істейді. Зауыттағы автоматтандырылған шыны шыңдайтын өндірістік жүйе Қытайдан сатып алынып, іске қосылған. Бүгінгі күні шыңдалған шынының зауытта 12 түрі шығарылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.