Баспана – бақыт шамы

0 31
Баспана – әр отбасының басты қажеттілігі. Қазіргі нарықтағы үй бағасының қымбаттауы мен жарна құнының өсуі көптеген азаматтардың үйлі болмауына себеп болып отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан қолдау ретінде жұмыс істеп келе жатқан «Отбасы банк» тұрғын үйге қол жеткізудің ең оңай жолын ұсынады. Әсіресе ауыл аймақта пәтер жалдап тұратын жас отбасыларға мұндай мүмкіндік керек-ақ! Халыққа ұсынатын бағдарламалар жөнінде толығырақ білу үшін «Отбасы банкінің» кеңесші маманы Тілепбергенов Абылайхан Жеңісбекұлымен әңгімелескен едік.
– Абылайхан Жеңісбекұлы, «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болғандар туралы жиі естиміз. Ендеше, өзіңіз айтыңызшы, бұл банктің басқа банктерден артықшылығы неде?
– Біздің басты артықшылығымыз — төмен пайыздық мөлшерлеме. Жасыратыны жоқ, өзге банктер клиенттің несие тарихына қарайды. Өкінішке қарай, қара тізімдегі жандарға мүмкіндіктер шектеулі. Ал біз бұл тұрғыдан әділеттікті жақтаймыз. Яғни бұған дейін несиесі болғандар аз уақыттың ішінде оны төлеп, небәрі үш айда қайтадан несие рәсімдей алады. Екіншіден, өзіңіз қалаған кез келген қаладан баспана алуыңызға болады. Әркім өз өңіріндегі банкі ұсынатын бағдарламалар аясында қажетті пәтерді таңдап, өтініш береді. Үшіншіден, бізге салым салған азаматтарға мемлекет жыл сайын сыйақы тағайындайды. Нақтырақ айтқанда, 200 айлық есептік көрсеткішке 20 пайыз сыйақы береді. «Отбасы банкі» — қарапайым коммерциялық емес, мемлекет қарамағындағы арнайы банк. Оның мақсаты — халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бізге мемлекет қолдан келгенше көмектесіп жатыр.Барлығы елдің игілігі үшін.
– Ең танымал бағдарламаларды атап өтсеңіз?
– Қазіргі кездегі сұранысы жоғары бағдарламалардың қатарына «50/50» ипотекалық бағдарламасын жатқызар едім. Шарт бойынша көзделген соманың тең жартысы жиналуы керек. Сондай-ақ міндетті түрде атыңызда депозиттің болуы ескеріледі. Бұл бағдарлама арқылы үй алудың екі жолы бар. Мысалы, ақшаның 50 пайызын саласыз. Одан кейін бағалау көрсеткішіңіз беске жетеді. Міне, сол кезден бастап рәсімдеу жүргізсе болады. Ал пайыздық мөлшерлеме шамамен 7,5-8,5 пайыз аралығында жүреді. Егер де бағалау көрсеткіші он алтыға жетіп, ақшаның 50 пайызы жиналып, депозитте үш жыл жинақ болатын болса, 3,5 немесе 5 пайыз мөлшерлеме қарастырылады. Бұл кезде айлық көрсеткішін көрсетпесе болады. Айта кетелік, бізде «Наурыз» атты бағдарлама бар. Бастапқы жарнасы 20 пайыздан басталады. Бұған Қазақстанның бүкіл азаматы қатысады. Оның ішінде аудан тұрғындары, жас отбасылар, әлеуметтік осал топ өкілдері бар. «Әулиеата жастары» бағдарламасы Жамбыл облысында тұратын 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Мұнда да қатысушыларға қоятын белгілі бір талаптар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы, депозиттің болуы, төлеу қабілетінің дәлелденуі тағысын тағы. Тек әйелдер қатыса алатын «Ұмай» бағдарламаcын тілге тиек еткім келіп отыр. Бірден негізгі шарттарына тоқталайын. Негізгі 15-20 пайызы бастапқы жарнасына кетеді. Алғашқы я болмаса нарықтағы үйді сатып алуға болады. Өтініш берушінің атына тіркелген үйдің бар жоғы маңызды емес. Қалай десек те, тұрақты жұмысының болуы шарт. Сонымен қатар, күйеуіңіздің де табысы есептеледі.
– «Ұмай» бағдарламасында нәзік жандылардың әлеуметтік мәртебесі ескеріле ме?
– Жоқ, ескерілмейді. Жалғыз басты анасыз ба, әлде көпбалалы анасыз ба оған қарамайды. Мейлінше ипотеканың жарнасын төлеуге шамаңыз жетсе болғаны. «Ұмай» бағдарламасының артықшылықтары көп. Мәселен, баспана кезегінде тұрудың, атында мүлік тіркелуінің еш маңызы болмайды. Меніңше, қойылған талаптары жеңіл. Кеңсеге келген клиенттердің басым көпшілігін осы тұрғын үй мәселесі мазалайды. Кеңесшілер болса, олардың әлеуметтік жағдайына қарай түрлі бағдарламаларды ұсынады. Мысалы, соңғы бес жылда атында үйі жоқ адамдар «Концепция» бағдарламасын, үйі барлар «50/50» және «Жасыл ипотека» бағдарламасын пайдалана алады.
– «Отбасы банкінің» депозиттері туралы айтып беріңізші?
– Әуелі «Баспана» депозитін айтар болсам, депозитті ашу үшін комиссия ұсталмайды. Жинақтың ең төменгі мерзімі 3 жылдан басталады. Жоғарыда атап өткенімдей, мемлекеттен берілетін көмек бар. Банктің тарапынан жиналған барлық сомаға 2 пайыз қосылады. Қаласаңыз біздің банктегі кез келген бағдарламаға өтініш білдіресіз. «AQYL» білім беру жинақтау салымы және «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әрбір қазақстандық білсе екен деймін. Аталмыш депозитті өз атыңыздан немесе балаңыздың атынан ашасыз. Өзіміздің елдегі және шетелдегі кәсіптік-техникалық, онымен қоса жоғары білім ақысын төлей аласыз. 100 айлық есептік көрсеткішке мемлекет тарапынан 7 мен 5 пайыз, банк тарапынан 9 және 12 пайыз сыйлықақы тағайындалады. Төлем биыл 5 жасқа толған балаларға беріледі. Дәлірек айтсақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 120 айлық есептік көрсеткіш (472 мың теңге) алады. Ал өзге санаттағы балаларға 60 айлық көрсеткіш (235 мың теңге) береді. Депозиттің алғашқы жарнасы 11 796 теңге. Бастапқы білім беру капиталын сақтап қалу мақсатында ата-ана жыл сайын 47 184 теңгеден 94 368 теңгеге дейін ақша салып тұруы керек.
– «Отбасы Банкі» халықтың сенімін жаулай алды ма?
– Әрине, сеніміне кіреміз деп ойлаймын. Бізге жылтыраған жарнаманың керегі жоқ. Өйткені сапалы жұмыс әрдайым оң бағаланады. Оның үстіне мыңдаған адамның баспаналы болуына себепші болып отырмыз. Біз жайлы мемлекеттік қызметкерлер өте жақсы біледі. Арасынан бір емес, бірнеше мәрте үй алғандар да кездеседі. Айтпағым, қарапайым халық бізге бұдан көбірек сенім артса, тамаша болар еді. Елімізде қаншама адамдар қалта қағарлық сомада пәтер жалдап тұрып жатыр. Не дегенмен өз шаңырағыңда арқа-жарқа болып, ойнап күлгенге не жетсін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Leave A Reply

Your email address will not be published.