Эхинококкоздан сақ болыңыз

0 12
Эхинококкоз ауруы – адам мен ауылшаруашылығы жануарларының ішкі мүшелерінің зақымдалуымен сипатталатын паразитарлық алиментарлық жолмен жұғатын ауру. Ауру қоздырушысы echinococcus granulosis таспа құртының жұмыртқа түріндегі личинкасы. Эхинококк таспа ересек құрты жыртқыш аңдардың, көбінесе иттердің (сирек-мысықтардың) ішегінде жабысып, жұмыртқа түзіп, сыртқы қоршаған ортаны жұмыртқаларымен ластайды. Ол жұмыртқалар қойлар мен ірі қаралардың және адамның ішкі ағзасына түсіп, бауыр, өкпе және басқа да ішкі органдарын зақымдап, баланың басындай болатын кистаға дейін өсіп, ішкі жүйелердің жұмысын нашарлатады.

Ірі қара мен қойлардың аурулары көбінесе ешқандай симптомсыз өтеді, емдеу жүргізілмейді, ауру анықталса союға жіберіледі. Адамдардың эхинококкоздық кисталары хирургиялық жолмен емделуге жатады. Соңғы жылдары медикаменттермен емдеу жолдары сынақтардан өткізілуде.

Эхинококкоз індетінің алдын алу үшін мал қораларындағы және ауладағы иттерге тоқсан сайын ішек құртын түсіретін препараттар қолдану қажет. Ондай препараттар мемлекет тарапынан тегін беріледі. Тек аулаңызда ит ұстайтын болсаңыз, өзіңіз тұратын елді мекендегі ветеринариялық пунктке жүгініп, иттеріңізді тіркетіп, іш құртына қарсы препараттармен дәрілете аласыздар.

Аталған аурудан сақтанудың бірден-бір жолы жеке гигиенаны сақтау, жануарларды, әсіресе үй жануарларын ұстағаннан кейін қолды жақсылап жуып тұру, көкөністерді тамаққа пайдалану алдында жақсылап тазалап жуып қолдану болып табылады.

Эхинококкоз ауруының алдын алуда союға арналған жануарларды тек қана арнайы мал сою орындарында сою, сойылған малдың еті мен ішкі мүшелерін ветеринариялық санитариялық зертханалық тексерулерден өткізу ерекше орын алады.

Сойылған еттен эхинококкоздың ларвацисталары анықталмаса шектеусіз қолдануға жіберіледі. Егер еттен үш данадан артық ларвацисталар анықталса өндірістік қайта өңдеуге жолданады. Эхинококк таспа құртының личинкалары адамдарға, оның ішінде кішкентай балаларға да қауіпті, ішкі органдарында кисталардың өсіп шығуына себепкер болады. Сондықтан да өздеріңізді және жақындарыңызды эхинококкоз ауруынан сақтау үшін иттеріңізді байлауда ұстап, тиісті ветеринариялық талаптарды сақтауды ұсынамыз.

 

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бөлім басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.