Құрылысы аяқталған қос нысан қатар ашылды

0 24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін барлық қала мен ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырма жүктеген болатын. Ел игілігіне арналған міндетті белгіленген мерзім ішінде жүзеге асыру ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі саналып отыр.
Өткен жылы аудан көлемінде Ақтөбе және Тұрымқұл елді мекені тіршілік нәрімен қамтылды. Жүйелі жұмыс биыл да жалғасын тауып отыр. Апта басында екі ауылда құрылысы аяқталған қос нысан қатар берілді. Сейілбек пен Қожағаппар елді мекендері ауыз су желісіне қосылды.
256 тұрғыны бар Сейілбек ауылындағы нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын «Пырақ-Құрылыс» ЖШС жүргізіп, белгіленген мерзім ішінде пайдалануға ұсынды. Бүгінде ауылдағы 44 ауланың 20-ы ауыз су желісіне қосылып үлгерген.
Ал, Берікқара ауылдық округі құрамындағы Қожаппар елді мекенінде 42 отбасы бар. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарына жауапты «Темир-Строй-Сервис и Ко» ЖШС. Қазір ауылда тіршілік нәрін тұтынып отыр.
Ауыз су құбыры желісінің іске қосылуына орай аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков және аудандық мәслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, ізгі тілектерін білдірді. Ал өз кезегінде ауыл қариялары тұрғындар атынан ризашылығын жеткізіп, салтанатты жағдайда жаңа нысанның лентасын қиды.
Мұнан соң аудан әкімі мен жауапты сала басшылары нысанның құрылыс сапасымен танысты.
Биылғы жылы ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Арал, Қайыр, Қараой елді мекендерінде ауыз су құбыры желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, бұл күні Тамды ауылдық округі тұрғындары үшін жағымды жаңалығымен есте қалды. Көпшіліктің ұсыныс-тілегі іске асып, заманауи үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді. Әсіресе, ауыл жастары бос уақыттарын жаңа ғимарат ішінде өткізетініне қуанып отыр. Жалпы Тамды ауылынан әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарған елге белгілі бозкілем шеберлері аз шықпаған. Қазіргі таңда аға буынның жолын қуып келе жатқан жас палуандардың аяқ алысы көңіл қуантады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.