Елді мекендерді газдандыру – маңызды мәселе

0 31

Энергетика – мемлекет дамуының маңызды тірегі. Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға бай ел үшін бұл сала тек экономикалық игілік көзі ғана емес, сонымен бірге халықтың әл-ауқатын арттыру мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы.
Осы орайда Сарысу ауданы газдандыру саласында жаңа белестерді бағындыруда. Мәселен, өткен жылы ауданда 14 ауыл газдандырылды. Дегенмен Сарысу ауданында газға қосылуды күтіп отырған ауыл тұрғындары бар. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайдың отырысындағы тапсырмасы бойынша бүгінгі күні Сарысу ауданының 14 елді мекенін, оның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамту мақсатында 2 ауқымды жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, бірінші жобамен Түркістан облысындағы №18 «Шалдар» автоматтандырылған газ тарту стансасы (АГТС) маңындағы магистралдық газ құбырынан Сарысу ауданы Жаңатас қаласына дейін жоғары қысымды газ құбырын салу қарастырылған. Аталған жоба аясында 98 шақырым, яғни 100 пайыз газ құбыры салынып, осы жылы «ЕвроХим» компаниясында АГТС салу жоспарлануда. Ұғынықты түрде айтсақ, Түркістан облысындағы №18 «Шалдар» автоматтандырылған газ тарту стансасы маңындағы магистралдық газ құбырынан ауданға тартылған жоғары қысымды газ құбыры «ЕвроХим» компаниясы арқылы өтіп, осы «ЕвроХим»-ді газдандырып, Жаңатас қаласын қамтып, одан кейін газ құбыры елді мекендерге тартылады. Жобаның бастапқы құны 7,7 миллиард теңге. 2023 жылы жобаға түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба 3,5 миллиард теңгеге қымбаттап, жалпы құны 11,2 миллиард теңгені құрады. 2025 жылға аталған жобаны аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 3,9 миллиард теңге қаралды.
Екінші жобаға сәйкес, Сарысу ауданының 14 елді мекеніне жеткізуші және ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ олар, Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Ұйым, Ұ.Сыздықбаев, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Ә.Бүркітбаев, Арыстанды елді мекендері. Газ құбырының ұзындығы – 362 шақырым, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 281 шақырымы салынды. Жобаның бастапқы құны – 7,774 миллиард теңге. 2023 жылы бұл жобаға да түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл жоба құны да 5,7 миллиард теңгеге қымбаттап, жалпы құны 13,5 миллиард теңгені құрады.
Жобаның құрылысын аяқтау үшін 6,2 миллиард теңге қаржы қажет етеді. Аталған жобаны қаржыландыру үшін салалық министрлікке тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды. Бұл республикалық бюджеттің алдағы нақтылауында қаралған болатын. Елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.