Жүрекпен оқылған шығарма
Байқау мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың өздерін сахнада еркін сезінуіне мүмкіндік беру, әдебиетті өнер табиғатына сай оқи білуге, мән-мағынасын терең түсінуге мүмкіндік туғызу. Байқауға аталған театрдың режиссері Саламат Мырзатаев пен «Драма» студиясының жетекшісі Айнагүл Есімбекова қазылық жасады.
«Инклюзия және театр» жобасы турасында айтар болсақ, кітапхана ұжымы жобаны 2022 жылы қолға алып, құрылымын қожыратпай, ырғағын бұзбай кітапхана жұмысын мәдениеттің бір бөлігі ретінде оқырманына насихаттап, көрерменнің көзайымына айналып келеді. Аталған жобаны №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары жүзеге асырды. 6 қойылым сахналанып, көрермен назарына ұсынылды.
Балалар бұл шығармаларды көзбен емес, жүрекпен түсініп, жүректерге жеткізе білді. Байқауға зағип, көзі көрмейтін және әлсіз көретін балалар қатысты. №2 «Болашақ» мектеп- интернатының 10-16 жас аралығындағы әр сыныптан бір топ жасақталды.
11-12 сынып оқушылары Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған «Ер, Бәуке» атты шағын көріністі көпшілік назарына ұсынса, келесі топ Міржақып Дулатовтың өлеңдерінен құралған «Оян, қазақ!» тақырыбындағы көріністің мазмұнын аша білді. Әбіш Кекілбайұлының «Махаббат мұнарасы», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармаларынан үзінді қойылды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне білікті маман Гүлзада Қырықбаева өз үлесін қосты. Сонымен қатар көпшілік алдында «Асыл Арман» өнер шығармашылық орталығының әншілері әннен шашу шашты. Нәтижесінде «Үздік актерлық шеберлік» аталымымен Шархат Байгубек, «Екінші пландағы роль» аталымымен Айсана Сағындық марапатталды. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы», «Үздік театр труппасы», «Үздік қойылым» аталымдары да өз иегерлерін тапты.
Іс-шараны облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева мен Тараз қаласындағы №2 «Болашақ» мектеп интернатының директоры Эльмира Жақсылықова қорытындылап, өнерпаздарға шынайы алғыстарын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ