Тұғырың биік болсын, «TEKTURMAS»!

0 83
Қасиетті Әулиеата жерінің ұлт тарихында ғана емес, халықтың руханияты мен әдебиетінде де қолтаңбасы айшықты. Жыр алыбының есімін иеленген өңірде бүгінде қалам ұстаған қауымға кең көлемде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл игі бастама биыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында да өз жалғасын табуда. Аймақ басшысының бастамасымен облыстың ақпарат айдыны «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты «Tekturmas» республикалық журналымен толыққаны соның айқын дәлелінің бірі.

Өткен мен бүгінді жалғап, тағылым мен тарихтың темірқазығына баланған Тараздан еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтын жаңа журнал ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, тарих пен өркениет тақырыптарына құлаш сермейді. Сол арқылы ел ішіндегі ақын жазушыларды, зерттеушілер мен ғалымдарды бір ортаға тоғыстырып, ұрпақ бойына ұлттық тәрбиенің негізін қалыптастыруды көздейді. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен журналдың тұсаукесер жиынына Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысып, орамды ойларын ортаға салды.

Басқосуда өңір басшысының орынбасары Серік Жақсылықұлы қазақтың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеу жолында жарық көріп отырған «Tekturmas» журналының мән-маңызына кеңірек тоқталды.

– Бұл журнал – бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сенеміз. Журналдың мақсаты – ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық болмыс пен заманауи ой-толғамдарды ұрпақ санасына сіңіру. Бұл бағытта еңбек етіп жатқан шығармашылық ұжымға алғысымды білдіремін. «Tekturmas» журналы – Жамбыл өңірінің рухани тынысын кеңейтіп, ел ішіндегі дарынды қаламгерлерге, жас зерттеушілер мен өнер иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Аймақтың тарихи-мәдени келбетін кең көлемде насихаттау арқылы журнал өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар бұл басылым – жастар мен зиялы қауым арасындағы байланысты нығайтып, бүгінгі рухани сұраныс пен тарихи сабақтастықты жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан «Tekturmas» – бір өңірдің ғана емес, барша қазақ руханиятының ортақ мұрасы, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Сонымен қатар іс-шара барысында сөз алған «Aulieata ғылыми жобалар кең көлемде media» серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы «Tekturmas» журналының бағыт-бағдары мен басты басымдықтарын атап, медиахолдингтің толайым шығармашылық табысы туралы баяндады.

– Ағыны да, арыны да қатты Талас өзенінің сағасында, Ұлы Жібек жолының бойында менмұндалап тұрған тарихи жәдігер – өткеннен өнеге іздеген өскелең ұрпаққа таптырмас темірқазық. Дәл сол секілді кешегісіне қайырылып, бүгінгісін бағамдап, сол арқылы болашағын барлай білген қоғам үшін – бұл журналдың маңызы орасан зор деп білеміз. Оқырман аудиториясы кең, барлық бағытты қамтыған төл басылымның жарыққа шығуын аса зор ықыласпен қабылдап, қоғамдық-саяси маңызын терең түсініп, еліміздің түкпір-түкпірінен ақжарма лебізін жолдап жатқан зиялы қауымның қатары қалың. Бұл – өз кезегінде біздің «Aulieata media» серіктестігіне үлкен сенім жүгін жүктейді – деді медиахолдинг басшысы.

Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин Жамбыл өңірінің шежірелі аймақ екендігін атап өтіп, мұндағы саяси маңызы бар тарихи оқиғаларға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан мерзімді басылымның көпсалалы болуына байланысты шығармашылық ұжымның тарихшы ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс атқару керектігін айтып ұсыныс білдірді.

– Өздеріңізге белгілі соңғы жылдары өңір руханиятына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте ақын-жазушылардың кітаптарын басып шығару ісі мен Жазушылар Одағының мүшелеріне тағайындалған қаржылай стипендия көлемінің артуы сынды бастамаларды айрықша атап өтуге болады. Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшының арнайы сәлемін жеткізді. Бүгінгі «Tekturmas» журналының ашылуы соның заңды жалғасы деп білеміз. Тараз өлкесі ел тарихының алтын діңгегі саналады. Мұнда алғашқы қауымдық өркениеттен бастап, әр кезеңнің жәдігерлерін көптеп кездестіруге болады. Десек те, төл тарихымыздың астанасында тарихшы мамандардың аз екендігі жасырын емес. Жалпы облысымызда ғылыми орта тәуелсіздік алғаннан соң қалыптаса бастады десек те болады. Сол себепті де алдағы уақытта басылымның оқырман ықыласына бөленуі үшін зерттеуші ғалымдармен бірлесе жұмыс атқарып, оларды ұжымның шығармашылық жұмыстарына тарта білу керек, – деді Елен Әлімжан.

Рухани басқосудың негізгі бөлімінде жаңа журналдың тұсауын салтанатты түрде Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен драматург Елен Әбдуатұлы және жазушы Пернебай Дүйсенбин кесті. Салтанатты рәсімнен соң – Талайғы тарихтың куәсі болған Талас өңірі ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы екені анық. Екі мың жылдан астам уақыт аралығында Талас аумағында елдігіміздің құндылықтары болған төл тарихымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Ежелгі заманда дін мен ділдің, тарих пен тағылымның, сауда мен қолөнердің орталығы болған Жамбыл облысы қайнаған тіршіліктің ортасына айналып келеді. Осынау қасиетті де киелі мекенге жұмыс сапарымен келіп отырып, ел Президентінің арнайы сәлемін жеткізгім келеді. Өздеріңізге белгілі, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы ғылымға көңіл бөлу басым бағыттардың бірі болып қала беретіндігін жеткізді. Осы бағытта жастарды ғылымға бейімдеу мақсатында барлық деңгейдегі оқу орындарында қаржыландырылып келеді.

Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті 5 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болып отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұның бәрі де Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы аясында жүзеге асуда. Сондықтан Мемлекет басшысы ел ішіндегі ғылыми бағыттағы бастамаларға баса мән беріп отыр, – деген Мәлік Нұржанұлы жаңа журналдың ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Еске сала кетейік, жуырда ғана аталған мерзімді басылымның бас редакторы болып журналист Маржан Рақай тағайындалған болатын. Қазақ және орыс тілдерінде тағылымды тарихи дүниелерді насихаттауды мақсат еткен «Tekturmas» журналы айына бір мәрте оқырманға жол тартатын болады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.