Бірлік пен татулықтың мерекесі
Самарқанның көк тасын жібіткен әз Наурызды түркі тілдес халықтардың барлығы тойлайды. Өзінің сән-салтанатымен, салт-дәстүрімен, атадан балаға жетуімен де бұл мереке баршамыз үшін қастерлі.
Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хайямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған.
Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Ендеше бұл береке мен бірліктің мерекесінде бір-бірімізге жақсы тілек тілеп, құттықтап, мәре- сәре болып, арамыздағы өкпе- ренішті ұмытып, жақсы тілектер арнаудың мәні зор.
Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді», – деп көрсеткен. «Жасың құтты болсын!», – деп құттықтау дәстүрі өңірлерде, осы күнге еш өзгеріссіз жеткен. Аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де аяқталады. Жаңа жыл қайта туғанда, сол күнді құттықтап, қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау әр адамның міндеті болған екен. Бұл аңыздан «Жылдың» адам кейпіндегі моделін аңғаруға болады. Қазақы ортада Наурыз мерекесінде бір-біріне «Жасың құтты болсын», – деп айтуының себебін осымен байланыстырады.
Қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің ата дәстүрі, наным-сенімі бойынша әр нәрсенің арғы тегі, атасы болады деп қабылдаған. Әрі жан мен рух мәңгілік деп есептеген. Осы дүниетаным бойынша «Әруақтардың анасы, яғни өлілердің жебеушісі Үлек, Ұлыс ана» деп таныған. Сондықтан оларға жыл сайын құрбандық шалып отырған. Әрі оны «Ұлыс ананың күніне» сай берілетін ас ретінде қабылдаған. Дәл осы уақытта аспанға қарап күн райын болжай білген данышпан бабаларымыз «Үркер жерге түседі» немесе «Үркер батады» деп есептеген. Міне, осы кезде «Көктем келді» деп сеніп көктен тілеген дүниесін жерден тапқан бабаларымыз жаңа жылдың алғашқы қадамы ретінде бұлақтың көзін ашып, тал егетін болған.
Наурыз құтты болсын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА