АЛҒАШ РЕТ «АСАБАЛАР АЛАҢ» САЙЫСЫ ӨТТІ
Той – қазақтың қазынасы, дәстүрі мен салтының сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілетін мұрасы болғандықтан, аталмыш күнді ерекше атап өту мақсатында Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қолдауымен «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің «Асабалар қоғамы» алғаш рет Жамбыл облысы асабаларының «Асабалар алаңы» топтық сайысын ұйымдастырды.
Аталмыш шара наурыз мерекесінің онкүндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай өтті. Сайыста облыс бойынша 7 топ бақ сынады. Әр топта 3 асаба және музыка сүймелдеуші мен мобилографтың болуы міндеттелген. Әдетте асаба тойды өзі басқарып, өзі жүреді деген ой қалыптасқан. Дегенімен әр тойдың сәтті өтуінің артында асабамен қатар, өзгесін айтпағанда, мықты музыка сүйемелдеуші, заман талабына сай мобилографтың болуы керектігін ел ішінен көріп жүрміз.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды: Таныстыру, ұлттық салт-дәстүрлер бойынша сұрақ-жауап кезеңі, ситуациялық тапсырмалар және сайыс соңындағы мобилограф жұмысы.
Сайысқа қатысушыларды құрамы он адамнан тұратын сарапшылар тобы бағалап, әділ шешімдерін шығарды. Олардың құрамында азулы аға асабалар Әнуар Жұмағұлов, Беалы Сқақов, Ерболат Қуандықов, Ербол Қамбатыровтар бар. Сондай-ақ көрермен ретінде жамбылдық ардагерлер кеңесінің ақсақалдары, қала тұрғындары және де топтарға жанкүйер болып келген өнерсүйер қауымы да игі іс-шараның куәгері болып, өз ризашылықтарын білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Талас ауданынан келген «Талас тарландары», 2-орынды Т.Рысқұлов ауданынан келген «Мұрагер», 3-орынды Тараз қаласы асабаларынан құралған «ТТТ» командалары иеленді. Ал жекелеген атаулар бойынша «үздік асаба» Мадияр Молдабаев, «үздік музыка сүйемелдеушісі» сазгер Нұрислам Сәменқұлов, «үздік мобилограф» Уалихан Еламан атанды.
Сонымен қатар ұлттық нақыштағы дәстүрлі команда номинациясы да ұсынылып, жуалылық топ «Салтанат сардарларына» ерекше алғыс айтылды.
Аталмыш іс-шараның өтуіне А.Райқұлов төрағалық ететін «Ауыл» партиясының Жамбыл облыстық филиалы, Жамбыл облысы іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы М.Лештаева, «Әулиеата-құс» фабрикасы демеушілік етті.
Мұндай форматтағы байқау тек Жамбыл облысындаға ғана емес, сонымен қатарн елімізде алғаш ұйымдастырылғанын атап өткен де жөн. Жаңадан құрылған «Асабалар қоғамының» бұл жобасы той мәдениетін қалыптастыру бағытындағы алғашқы жобаларының бірі деп білеміз.
Назым Қожамарова, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы