Аналар ардақталған күн
Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында өткен іс-шараны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова ашып, қоғамның барлық саласына араласып жүрген нәзікжандыларға қандай құрмет көрсетсе де артық емес екенін айтты. «Соғыс кезінде Жеңіс күнін жақындату үшін жанқиярлықпен еңбек еткен тараздық ардагер аналарымыз Раиса Жандосова, Манат Асанова, Галина Гусарова, Рабиға Дауылбаева, Бексұлу Пралиева, Аманкул Раманкұлова, Дариға Яшева біздің ортамызда. Біз ол кісілерді мақтан тұтамыз, еселі еңбектерінің алдында басымызды иеміз», – деді ол.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай да кешегі сұрапыл күндерде қайсарлығы мен жігерін көрсеткен қаһарман аналарымыз жайлы әсерлі естеліктер айтып, жалынды сөздерімен көпшіліктің назарын аударды.
Нәзікжандыларға құрмет көрсетілген жиында тыл ардагерлері Раиса Жандосова, Галина Гусарова сөз алып, өздерінің жас кездеріне тұспа-тұс келген майдан жылдарын еске түсіріп, көздеріне жас алды. «Ерлердің барлығы майданға аттанды. Сол уақытқа дейін азаматтар атқарып келген ауыр жұмыс әйелдердің мойынына түсті. Әр үйде кішкентай бала-шаға. Кешке дейін ұжымшардың жұмысына жегіліп, түнімен көз ілмей диірмен тартып , балаларына ас әзірлеген аналардың ауыр бейнеті естен кетпейді. Енді ондай қасіретке толы жылдар болмасын. Аспанымыз ашық, еліміз бақуатты, күніміз бейбіт болсын», – деп тілегін де ақтарды.
Іс-шара барысында бейбіт күнде ел басқарған, әр салаға жетекшілік еткен Нілзия Рахышева, Тұрсынкүл Әшірбаева, Патшай Өтеуқұлова, Бәтес Егембердиева, Айгүл Қабиева, Сейсекүл Сейталина бастаған елге сыйлы аналардың есімдері құрметпен аталды.
Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Алатау» үштігі Сәрсенбек Бәкірдің «Ана туралы» әнін шырқаса, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева орындаған «Анашым», халық әні «Дүлдүлім» әндері де көпшіліктің көңілінен шықты. «Журавли» әнін Леонид Необъявляющий елдің жүрегіне жеткізе орындады. Рахиля Искакова мен Леонид Леонидович бірге орындаған орыс әндерінен попурри да сәтті шықты. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Күләш Әбдікешова басқаратын қоғамдық ұйым белсене үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн.
Бұл күні әр көңілде ардақты аналарға деген құрметтің оянғаны анық.
Есет ДОСАЛЫ