Сарысуда сақталған су диірмен

0 3
Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі әрбір экспонаттың маңызы ерекше. Әсіресе, осыдан 80 жыл бұрын қолданыста болған су диірменнің де өзіндік тарихы бар. Оқырманға түсінікті болу үшін ретімен баяндайық.

Ақтоғай ауылының тумасы Иса Сауытбекұлы 1938 жылы 21 жасында әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеп бітемін дегенше Ұлы Отан соғысы басталып кеткен. Сонымен, Отан үшін оқ пен оттың ортасында сұрапыл жылдарды өткізген жауынгер 1953 жылы ғана туған жеріне аман-есен оралады. Жеңіс күнінен кейін де қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысса керек.

Біздің айтайын дегеніміз – майдангердің бейбіт өмірдегі тағылымды істері. Иса Сауытбекұлы су диірменін жасап шығаруды бала күнінен армандап жүреді екен. Сол арманын жүзеге асырып, су диірменін жасап шығады. Аталған диірменді елге оралған жылы сәуір айында бастап, қыркүйекте аяқтапты. Көптеген жұмысын өзі қолымен қашап, бар өнерін салған. Диірменді Ақтоғай өзенінің сол кездегі ағысы қатты сарқырамасына орналастырып, іске қосады. Сол диірменмен ұн тартып, аудан халқына ұзақ жыл қызмет еткен. Бұл диірмен шамамен 24 жылға жуық уақыт сарысулық тұрғындарға қызмет жасапты.

1977 жылы Иса Сауытбекұлы 60 жасында сырқаттанып, өмірден өтеді. Су диірмен асыл жары Айшакүл мен ұлы Тахирдың иелігінде қалады. «Бұл жәдігерді 2015 жылы Айшакүл анамыз бен Тахир Сауытбек біздің музейге өткізіпті. Салмағы 500 килограмм тартады. Жас ұрпақ үшін де маңызы зор жәдігер», – дейді аталған музей директоры Эльмира Көкішева. Біз су диірмен авторының ұлы Тахир Исаұлымен де хабарластық. «Майдангер әкем жасап кеткен бұйым біздің әулет үшін өте ыстық. Аудандық музейде сақталып тұрғаны да көңілге медеу. Соғыстан кейінгі жылдары халыққа нанның сәл болса да көбірек таратылуына ықпал еткен құндылық осы. Кейде осы су диірменді іске қосып, әкем сияқты ұн тартып шығарғым келеді», – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.