Ұлттық құндылықты ұлықтаған ұста
Қуантайға негізі ұсталық өнер нағашы атасынан дарыпты. Халқымыз «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деп те бекер айпаса керек. Мектептің жоғары сыныптарында оқып жүрген кезінен ат әбзелдерін жасауға құлшынысы оянған. Алдымен, қамшы жасап үйренген. Ауданға аты белгілі майталман ұстаның жиені болған соң ба, ұсталықты күн сайын бірдеңені шұқылап, әр бұйымның жасалу тәсілін зерттеп жүріп, өзі меңгеріп алған. Қазіргі таңда ат әбзелдерінің бүкіл түрін жасай береді. Мыңқазан ауылындағы қара шаңырақта 85 жастағы әкесі Мұсатай қария мен 75 жастағы анасымен бірге тұрады. Ал, жары Ләззат бес қыз, бір ұлды өмірге әкелген «Күміс алқалы» ана. Қуантайдың шеберханасы кешке дейін ашық. Мұнда сан түрлі бұйымдар жасалып жатады. Қамшылары көздің жауын алғандай өте әдемі. Бүгінгі таңда ол «Тайтұяқ қамшы», «Би қамшы», «Сері қамшы» деген бұйымдардың авторы болып танылып отыр. Яғни, осы қамшыларды алғаш жасап шыққан өзі екенін дәлелдеп, құжат жүзінде де рәсімдеп алған. Бұл енді көп ұстаның бойынан табыла бермейтін ұқыптылық. Әрине, өз бұйымын қызғыштай қорғай білген азаматты тек қолдауға болады. Ер тұрман, ат әбзелдерін толық жабдығымен 600 мың теңгеге бағалауда. Әрине, ұстаның еңбегіне қарай бұл аса қымбат баға емес.
– Менің негізгі жұмысым осы шеберхана. Уақытымның көбісін осында өткіземін. Бойымдағы осы өнерім Жаратқанның сыйы, балаларымның нәсібі деп білемін. Осы кәсіппен жүріп қыздарымды жетілдірдім. Үлкен қызым институтты биыл бітірсе, екінші қызым жоғары оқу орнында білім алып жүр. Ал, ұлым мектепте. Ұсталық өнерімді осы ұлым жалғастыратын шығар деп ойлаймын. Қазіргі таңда халқымыз кеше қолданған, бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатқан түскиіз жасауды қолға ала бастадым. Оның да жемісті боларына сенемін. Менің жұмыстарымды өзімнің әкем, аудан басшылары, ауылдық округ әкімі бағалап, үнемі қолдап отырады. Адал кәсіппен айналысып, елге қызмет еткенге не жетсін, – дейді шебер.
Ұсталық жұмысынан бөлек Қуантайдың бойында домбырамен ән, терме айтатын қасиеті де бар. Соңғы уақытта аудандық терме байқауларына да қатысып бағын сынап жүр. Қолөнер шебері болашақта сапалы домбыра жасау ісімен айналысуды ойластыруда. Сегіз қырлы, бір сырлы Қуантайдың болашақта жасаған домбыралары да көптің көңілінен шыға береріне сенеміз.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы