Жамбыл облысының туризм саласы және оның даму перспективасы
«Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы тиіс. Еліміздің әр өңірінде көрікті жерлер бар. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Жамбыл облысы экономикасының перспективті және стратегиялық маңызды бағыттарының бірі туризм болып табылады. Еліміздің туризмге тартымды өлкелерінің ішінде Жамбыл облысы туристерді бірден-бір қызықтыра алатын, туристік көне ескерткіштері мол, туризмді дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар өлке екені сөзсіз.
Облыстың тарихи-мәдени мұрасы 3 510 ескерткіштен тұрады, оның ішінде 30 республикалық және 3 480 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Баласағұн, Құлан, Өрнек, Костөбе қалашықтары және «Ақыртас» жұмбақ сарай кешені аймақты көптеген туристер үшін өте тартымды етеді. Сонымен қатар, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар мен тау бөктерінде 30-дан астам шатқалдар орналасқан.
«Қарахан», «Айша бибі», «Тектұрмас» кесенелері сәулет өнерінің маржандары болып есептеледі, ал туризм индустриясының көшбасшылары «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Ақыртас» сарай кешені, «Жайсан» қорығы, «Көксай» каньоны және басқа да көптеген туристік нысандар түркі мәдени ескерткіштерінің кешендері болып табылады.
Бүгінгі таңда облыста 225 туристерді орналастыру орны, 395 тамақтану пункті, 7 санаторий, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Туристерге өз қызметтерін 16 туристік компания және 25 көлік субъектілері ұсынады.
2024 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 151 110 турист келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138%-ға артық. Оның ішінде 2 471 шетелдіктер, 148 639 елдің басқа аймақтарынан келген туристер. Оларға 2,2 млрд. теңгеге қызмет көрсетілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 22 млрд. 949 млн. теңгені құрады.
Облыс аумағында орналасқан негізгі туристік нысандар саны 40-ты құрап, осы нысандар арқылы өтетін 10 жаңа туристік маршруттар әзірленді. Бүгінгі таңда осы туристік маршруттар құрамына енген нысандардың инфрақұрылымын жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Биыл автомобиль жолдары бойынша жалпы ұзындығы 34,3 шақырымды құрайтын 3 туристік нысанға алып баратын автомобиль жолдарының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 40,3 шақырымды құрайтын 2 туристік нысанға газ құбырын жүргізу жоспарда бар.
Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша жалпы сомасы 16,5 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 320 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Биыл заман талабына сай туристердің барлық сұраныстарын қанағаттандыратын 3 туристік демалыс аймағы ашылады: Жамбыл ауданындағы «Таскөл» туристік демалыс орталығы мен «Арзан Сити» жол сервис кешені және Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі ежелгі бекініс қамалы.
Бүгінде халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғырту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және көбейту, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптеу, облыстың көрікті жерлерін қалпына келтіру және жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы ішкі және шетелдік туристерді тартудың негізгі факторлары ретінде туризмді дамыту бойынша бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарлануда, олар: «Қызғалдақ – мұра» фестивалі, «Taraz Mob Fest» мобилографтар байқауы, «Туризм маусымдарының ашылуы – 2025» фестивалі, Халықаралық тау гидтері қауымдастығы федерациясының (IFMGA) көмегімен тау гидтерін дайындау, «Dala Fest – 2025» джип турын өткізу.
Мұндай ауқымды оқиғалар облыс туризмінің дамуына жаңа серпін береді және республикада қолайлы туристік ахуал құруға ықпал ететін болады.
Жомарт ХАЖЫ,
Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы
туризм саласын мемлекеттік қолдау,
дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы