«Біреудің мінін көргенше, өзіңмен күрес өлгенше»

0 6

Бұл күндері өзіміздің емес, өзгенің кемшілігін көру, мінін теру, сырттай әңгіме қылу, ғайбат айту – өзекті мәселе болып тұр. Біреудің жалақысын есептеуде алдымызға жан салмайтынымыз тағы бар. Қала берді үй алып, көлік мінсе де, қызметі көтерілсе де шын қуана қоятын адам некен-саяқ. Қасиетті Рамазан айының басталуына аз күн қалғанда пендәуи қылықтардан арылудың өзі үлкен жетістік.
Пенде болған соң әрбірімізде мін бар. Өзіміз ғана білетін, әлі де жетілдіре түсу керек кемшін тұстарымыз жетерлік. Сөйте тұра білгішпіз, ақылманбыз. Ешкім сұрамаса да ақыл айтамыз. Өзгені сынау, артынан сөз айту – ауыр күнә. Ислам дінінде де мұның дұрыс еместігі, ауыр күнә екендігі айтылады. Мұны білсе де көп адам ғайбат айтып қояды. Отыз күн оразада жақсы әдеттерді енгізіп, жаман әдеттерден арылу үшін «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпекке жолықтық.

– Он екі ай күткен, сағындырған, айлардың сұлтаны Рамазан айы кіргелі тұрғанда жақсы ниетте болайық. Бойымызды, ойымызды жаман пиғылдан, қара ниеттен арылтайық. Әр адам бақытты әрі ұзақ өмір сүруі үшін ең алдымен өзін түзеуі қажет. Сонда барып жаныңдағылар түзеледі. Біреуді сынауға құмарлық – ол да ауру. Ауру тек денеде болмайды. Мінезде де болады. Әрбір адам баласының жақсы тұсы да, жаман жақтары да болады. Егер сізді адамдар кішіпейіл, иманды, кеңжүректі деп мақтап жатса, тым масаттанып кетпеңіз, себебі олар сіздің Алла жарыққа шығарған жақсы тұстарыңызды ғана көріп тұр. Ал, олар Алла жасырған жаман жақтарыңнан хабарсыз. Сондықтан шүкір деу керек. Кейбіреулер өзінің абыройын өзі ашып жатады. Бұл енді нағыз ақымақтық.

Ұлы Шәкәрім бабамыз:

«Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше!», – деп айтып кеткен. Біреуді сөз еткенше, өз бойымызды реттейік! Оразадан оразаға аман-есен жетейік, – дейді Ғалымбек Жәпек.

Тек Рамазан айында ғана емес, үнемі бір-бірімізге кешірімшіл, бөтен ойдан аулақ болсақ, әрине, тамаша емес пе? Бұл тұрғыда психолог Мақпал Қаратайдың да өз айтары бар.

– Өзгеге қатысты айтар сын-пікірлер болса, мүмкіндігінше ең алдымен өзіне жеке айту қажет. Ол адам қателіктерін байқамай қалуы немесе өзінің кемшін тұсын білмеуі мүмкін. Бірақ сын айтпас бұрын, жақсы тұстарына да көңіл бөліп, оларды да барынша шынайы, зілді әзілсіз атап өтуге тырысу керек. Тек сынға дөрекі жауап алғанда немесе мүлде құлақ аспаған жағдайда жеке сөйлескеннен нәтиже шықпағанда ғана оған деген наразылығыңды, келіспейтін жерлеріңді басқаларға жария қылуыңа болады. Бірақ соның өзінде сыни пікірлер адамды сыртынан балағаттауға немесе өсек-аяң таратуға ұласпауы керек. Сонымен қатар, біреу саған өзің нашар танитын адамды өсектеп, жамандап, не нашар пікір айтып жатса, оған қосыла жамандама, тіпті талқыға түсіп жатқан адам туралы теріс ой қалыптастыруға да асықпау керек. Біреудің жеке көзқарасына қарап, басқаға деген қарым-қатынас өзгертілмеуі тиіс. Біз бәріміз де ерекше жандармыз, әртүрлі дарын мен түрлі қасиеттерге иеміз. Адамның жеке басын емес, мәселені талқылауға бағыттайтын атмосфера қалыптастыруға талпынған дұрыс, – деп кеңес берді.

Әне, міне деп жарқыраған көктем мезгілімен бірге мұсылмандардың ұлық көретін айы Рамазан да жақындады. Ендеше аузымыздан шыққан әрбір сөзге абай болып, тіл оразасын да қаперге алайық! Ғайбат сөзден тек оразада ғана емес, өмірде де аулақ болайық!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.