Этностар арасындағы дүбірлі дода
Көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Қос мерекені қатар атап өту тек тарихи маңызға ие ғана емес, этнос өкілдері арасындағы өзара сенім мен достықты бекемдей түсері анық.
Айтулы мерекеге орай Тараз қаласында «Ел бірлігі» атты этнос өкілдерінің спартакиадасы өтті. Ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің аймақтарынан келген ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты.
Ойындар барысында қатысушылар командалық рухты, төзімділікті, өзара қолдауды, адалдық пен әділеттілікті паш етіп қана қоймай, бәсекелестік рухын қалыптастырып, көпшілікке естен кетпес ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ аталмыш шара әрбір азаматтың Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына қосқан үлесін айқындап, ынтымақты сақтаудың маңыздылығын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі, ІІ орынды «Әулиеата» қазақ мәдени-қоғамдық бірлестігі, ІІІ орынды «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы еншіледі.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы медальдар мен дипломдар табысталды.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ