Имам Рамазанда ішімдік сатпауға шақырды
Жақында Қасиетті Рамазан айы басталды, бұл — ораза, құлшылық және рухани тазару уақыты.
1 наурыз бен 29 наурыз аралығында әлем мұсылмандары ораза ұстап, 30 наурызда Ораза айт мейрамын тойлайды. Бұл туралы Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Рамазан — сабыр, игі істер және рухани кемелдену айы. Ораза — тек тамақ пен судан тыйылу емес, жан дүниені тазартып, нәпсіні тәрбиелеу», – деді имам.
Оның айтуынша, қаладағы барлық мешітте тарауих намаздары оқылып, Құран хатым түсіріледі.
Имам кәсіпкерлерге үндеу жасап, Рамазан құрметіне әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын 10 пайызға төмендетуге шақырды. Сонымен қатар, тұрғындарға қасиетті айда ішімдік сатудан және ішуден бас тарту ұсынылды.
Ораза — 2025 қашан басталады?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады.
Рамазан 2025: Қадір түні қашан?
ҚМДБ мәліметінше, 27 наурызға қараған түн — қасиетті Қадір түні. 30 наурыз — Ораза айт мерекесі.
Пітір садақа мөлшері қанша?
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.