Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ысыраптың алдын алуды мешіттерден бастауға шақырды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, астың мәзірінің бағасы тойдың дастарханының бағасымен бірдей.
«Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20 000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастархан! Минималды баға — 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не?» — деп ашынды ол.
Мұқаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарханда тек 7-ақ ас түрі болады, одан басқа мәзір жоқ.
«Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды? Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр», — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы марқұмның қонақ асы, жетісі, қырқы және қазадан кейін 52 күнін өткізгенде де мал союға тыйым салғаны хабарланды. Жаңа пәтуә бойынша айыр қалпақты ағайындар қайтыс болған адамның үйінде алғашқы үш күн қазан көтермейді.
Көрші елдің мүфтиятының мәліметінше, бұл күндер үй іші үшін қаралы күн болып саналады. Ал дастархан жаю, еске алу рәсімін көңіл айтуға келген туыстары мен көршілері ұйымдастыруға тиіс. Көңіл айтуға келгендерге жаңа киім-кешек, орамал үлестіру де ысырапқа жатқызылып отыр.