ТАРАЗ ТӨРІНДЕ АСҚАРБЕК СЕЙІЛХАННЫҢ “ШЕР-АҒА ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚПАСАМ ДА…” БЕНЕФИСІ МЕН КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

0 13

Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілхан мерейлі 75 жасқа толды. Аталмыш мерейлі күнге орайластырып өзінің «ШЕР АҒАНЫҢ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚПАСАМ ДА…» атты кітабын жарыққа шығарды. Осы ретте өлкенің мәдени, рухани тынысына, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген ел ақсақалының мерейлі мерекесін өскелең ұрпаққа өнеге ету үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бенефис кеші және кітаптың таныстырылымын ұйымдастырды.

Бенефис кеші мәдениет майталманының халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жазбаларынан дайындалған қойылыммен басталды. Оған кеш қонағы өзі Шераға образымен көпшілік алдына шығып, монолог оқыды. Бұдан кейін кеш жүргізушісі журналист, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық Асқарбек Ақылшаұлын ортаға шақырды. Кеш одан әрмен «Жамбыл» телеарнасындағы Гүлбаршын Құланбаева бастаған шәкірттерінің дайындаған бейнефильмін тамашалаумен жалғасты.

Кеш барысында кітапта баяндалған ерекше оқиғалар турасында кітап авторына, оқиға куәгерлеріне сұрақтар қойылды. Екі жақты әңгіме-сұхбат форматындағы бенефисте актер Асқарбек Сейлілханның сахналаған образдарынан Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналық қойылым да көрсетті.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыстың оқулық қоры тағы бір құнды кітаппен толықты. Асқарбек Ақылшаұлының «Шераға шекпенінен шықпасам да…» кітабының таныстырылымын кеш соңында қазақы «сыр сандықты» сиволикалық кілтпен ашып, кітаптарын өскелең жас ұрпаққа табыстады. Ал орталық тарапынан авторға іс-шара басталғалы елдің ықыласы, ізгі тілегі жазылған «тілек кітабы» берілді.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ҚР халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов құттықтау сөзін айтып, жас оқырмандарға ақ батасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.