Жамбыл облысында аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысы өтті
Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен келді. Олардың қатарында аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев және комитет мүшелері Ольга Булавкина, Сәкен Арубаев, Ернұр Әйткенов, Жанболат Жөргенбаев, Зәкіржан Кузиев, Арман Өтеғұлов, сондай-ақ қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков бар.
Сенаторлар алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін табан тіреп, материалдық-техникалық базасын тексерді. Оқу ордасы 53 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Бүгінде 2 297 студент білім алуда. Оның ішінде докторантурада — 24, магистратурада 72 адам оқып жүр.
Аралау барысында университет ректоры Кәмшат Түсіпова заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен қамту, ғимаратты жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Бұдан соң облыстық әкімдікте Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысы өтті. Басқосуда Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер жан-жақты талқыланды.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров көшпелі отырыстың өңірде өткізілуі айрықша мәнге ие екенін атап өтіп, депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі.
Отырыста аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшесі Сәкен Арубаев, сондай-ақ министрлік өкілдері мен сарапшылар суару жүйелерін жаңғырту және су шаруашылығы мамандарын даярлау мәселесі бойынша баяндама жасады. Сала ардагерлері орамды ойлары мен нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек су ресурстарын ұтымды пайдалану және көршілес мемлекеттен суға тәуелділікті азайту бойынша атқарылып жатқан шараларға, Сенат пен Үкіметтің қолдауын қажет ететін өткір мәселелерге тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, халықаралық банктердің несиесі есебінен бүгінде 6 ауданда 727,24 шақырым су жүйелері жаңғыртылды және 46 дана ұңғыма қазылды. Бұл шаралардың арқасында 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артты. Жұмыс жалғасуда.
Бұдан бөлек, облыс аумағында орналасқан 203 суару каналдарын жаңғырту және күрделі жөндеу, 10 жаңа су қоймасының құрылысы жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы 15,4 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, облыс аумағындағы жалпы көрсеткіш 55,4 мың гектарға жеткізілді.
Отырыс қорытындысы бойынша халық қалаулылары түйткілдер мен өтініш-тілектер назарға алынып, Парламент қабырғасында көтерілетініне сенім білдірді.
– Суару жүйелерін жаңғырту және білікті маман даярлау – ауыл шаруашылығын дамыту мен өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей қатысты стратегиялық маңызды міндеттер. Су шаруашылығына кадр даярлауда Жамбыл облысы әрқашан басты рөл атқарып келеді. Алдымызда жаңа қатерлер тұрғанын ескерсек, бізге заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу, су ресурстарын тиімді басқару және кадр тапшылығы мәселесін шешу қажет. Бұл аграрлық сектордың өнімділігін арттырумен қатар, еліміздің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Әли Бектаев.
Іссаппар барысында депутаттар тамшылатып суару жүйесі жабдықтарын шығаратын кәсіпорынның, «ТаразКожОбувь» ЖШС мен «Хлебный дар» наубайханасының жұмысымен танысты. Сонымен бірге қайта жаңғыртудан өтетін «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының ағымдағы жағдайы мен қант зауытындағы өзекті мәселелерге көңіл бөлді.