Үкімет резервінен 116 миллиард теңге қандай мақсатқа бөлінгені белгілі болды

0 2
Отандық шаруаларды қолдауға үкіметтік резервтен 116 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы 2025 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған.

Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елімізде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын қаржыландырудың көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд теңгені 2024 жылдың желтоқсанында бөлген болатын.

Айгерим Тарина
Leave A Reply

Your email address will not be published.