Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Театр сахнасында «Келіндер көтерілісі» спектаклінің салтанатты премьерасы өтті.
Осыдан отыз жыл бұрын жазылғанымен, өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтпаған бұл туынды – әлемнің көптеген театр сахналарында үздіксіз қойылып келе жатқан шедевр. Өзбек әдебиетінің көрнекті өкілі, драматург Саид Ахмадтың әйгілі «Келіндер көтерілісі» пьесасы отбасы мен қоғамдағы шынайы қатынастарды әзілмен астарлай отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайды.
Қойылымды сахнаға Ташкент қаласынан арнайы шақырылған талантты режиссер Сайфиддин Мелиев әзірлесе, сахналық безендіру жұмыстарын қоюшы-суретші Айгерім Амангелді жүзеге асырды. Оқиға 7 ұл мен 41 немерені тәрбиелеп, 7 келінді бірдей жұмсап отырған, қатал мінезді Фармон бибінің айналасында өрбиді. «Генерал» атанған ененің бұйрықтарына бағынудан шаршаған жас келін Нигора өзге келіндерді көтеріліске бастап, отбасы мүшелері алғаш рет анасына қарсы шығады. Бәрі бірігіп, енені тақтан тайдыру жоспарын құрады. Алайда, өз дегенінен қайтпайтын Фармон бибі оңайлықпен беріле қоймайды. Оқиға шиеленіскен сайын көрермен комедиялық сәттерге толы шебер диалогтарға куә болады.
Спектакль соңында қаталдығымен танылған Фармон бибі өз қателігін түсініп, әрбір баласының жеке шаңырақ құруына рұқсат береді. Қойылымның басты кейіпкері, адуынды Фармон бибі рөлін театрдың талантты актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова сомдаса, еркіндікті аңсаған жас келін Нигора бейнесінде – жас актриса Малика Алтынбекова. Ал Сәтті келін рөлінде – дарынды актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жадыра Құлтаева, ал оның жұбайы Асқарды ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожалиев шеберлікпен бейнелейді. Одан бөлек, спектакльде театрдың үздік, ардагер актрисасы – ҚР Мәдениет саласының үздігі Галина Қойшыбаева (костюмер), беделді актриса Айжан Атымтаева (гример), сондай-ақ ҚР Мәдениет саласының үздігі Әбу Шоңбаев (бейтаныс әйел) рөлдерінде тамаша өнер көрсетті. Қойылым көпшіліктің көңілінен шығып, театр сүйер қауымды күлкіге қарық қылды. Сахналық көріністердің шынайылығы, актерлердің шебер ойыны мен өткір әзілдері көрермендердің жүрегінен ерекше орын алды.
Спектакльдің соңында көрермендер труппаны ұзақ уақыт қошеметпен шығарып салды. «Келіндер көтерілісі» – комедиялық оқиға желісімен көрерменді баурап қана қоймай, терең мағыналы ой тастайтын қойылым. Бұл премьера театр әлемінде есте қаларлық жарқын оқиғалардың бірі болып қала бермек.