Жамбылда ұлттық құндылықтар мен салт дәстүрге қатысты бірқатар жобалар жүзеге аспақ
«Қазыналы қария – тұнып тұрған дария» деген сөзді қазақ текке айтпаса керек. Шераға атындағы руханият орталығында «Қариясы бар ел азбас» тақырыбында келелі жиын өтті. Өңірдің бас руханияты саналатын орталықтың ұйымдастыруымен өткен бұл жиында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері бас қосты. Келелі кездесудің өтуіне Шераға атындағы руханият орталығының ішінен жаңадан ашылған «Дәстүр мен өнер бөлімі» ұйтқы болып отыр.
Жиында облысымыздағы ұлттық құндылықтарға байланысты дүниелер, жастарға өнеге болатын тәлім-тәрбие төңірегіндегі мәселелер талқыланып, ұйымдастырушылар мен ақсақалдар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.
«Өңір басшысының тапсырмасымен Шераға орталығында «Дәстүр және өнер бөлімі» ашылып отыр. Бөлімге көптеген тапсырмалар жүктелген.
Бөлімнің басты мақсаты яғни, бірінші кезекте ақсақалдар – институтын дамыту, қарияларға көмектесу, жәрдемші болу. Екінші ана-әжелермен бірлесе жұмыс жүргізу, үшіншісі той мәдениетін қалыптастыру. Бөлімнің атқарар жұмыстары осы негізгі үш бағыт бойынша жалғасапақ. Сондықтан да ардагерлер кеңесімен әрі қарай бірлесе жұмыс жасау мәселесін ақылдасуды жөн көріп отырмыз.
Әрине, сіздердің әрқайсыларыңыз қоғамдық әр саланың майталманы, кәнігі тәжірибелі маманы болғандықтан өздеріңіздей аға буынды арнайы шақырып кеңесуді жөн көрдік. Бұдан әрі Сіздермен бірлесіп қоғамға пайдалы іс-шараларды өткізсек, сіздерге әрқашан да көмекші болып игі бастамалардың бас қасында табылсақ деген пікірдеміз. Қазір әлеуметтік желінін кенге құлаштап қанат жайған дәуірі. Барлық дүниелер қоғамға осы әлеуметтік желілер арқылы таралып жатыр. Сондықтан да ардагерлер кеңесінің қоғамдық іс-шараларын дүйім жұртшылыққа әлеуметтік желі парақшалары арқылы таратып, насихаттауды руханият орталығы өз міндетіне алса дейміз. Сондай-ақ, Шераға орталығы облыстық ардагерлер кеңесімен меморандумға отырып, өңіріміздегі қоғамдық мәдени шаралар мен жұмыстарды бірлесе атқарсақ деген ниеттеміз»,-деді Шераға атындағы руханият орталығының директоры Ж.Лесбекұлы.
Жиында облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаевта сөз алып, қазіргі жастар мәселсіне тоқталып, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді насихаттау қажет екенін атап өтіп, пікірі мен ұсынысын ортаға салды.
«Шераға орталығынан ашылып отырған жаңа бөлім бізді қуантып отыр. Қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміздің нәрімен тәрбиелеу үрдісі құрдымға кетіп бара жатқаннын ешкім жоққа шығармайды. Осыны ескере отырып ашылған жаңа бөлімге сәттілік тілейміз Біз орталықтың ұсынысымен әрқашанда келісміге келіп, жас ұрпақ тәрбиесі болсын, басқа да қоғамдық шараларды бірге атқаруға дайынбыз»,-деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қонысбай Ілиясов.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері Сәрсенбай Күзербаев, Дүйсенәлі Бықыбаев, Жұмабек Талғат, Тұрсынбай Толқынбайұлы, Есіркепов Оңласын сынды т.б ардагерлер өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Еске сала кетейік, Шераға орталығы бұған дейін өңірімізде «Той мәдениетін қалыптастыру» мәселесін және асабалар кеңесі мен одағын құру мақсатында бірқатар жұмыстарды бастап кеткен болатын.
Шераға атындағы руханият орталығының баспасөз қызметі.