Ұлытау облысындағы шахтадағы төтенше жағдай: жеті адам өлі табылды
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты, — деп төтенше жағдайлар министрлігі жариялады.
«Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Олардың жеке басы анықталып жатыр. Қайтыс болған жеті жұмысшының денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды», — деп жазылған хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылы 17 ақпанда «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
«Жомарт» кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал «Қазақмыс» корпорациясының ірі акционері — Kazakhmys Copper.