Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан аса хабарлама түседі — ІІМ

0 9

Елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Ренат Зұлқайыров айтты.

— Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы тек Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде өзекті. Полиция алдын алудың толыққанды кешенді іс-шараларын қабылдайды. Дегенмен, статистика көрсетіп отырғандай, жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі. Жағдайды түзету үшін өткен жылы Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы заңға қол қойды, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, әйелдер мен балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық қылмысы үшін татуласу мүмкіндігі жойылды. Кәмелетке толмаған баланы зорлағандар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Ұрлау және бас бостандығын заңсыз айырғандарға жауапкершілік күшейтілді. 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта қылмыңдағандарға қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салу және ұрып-соғу қылмысқа жатқызылды.

— Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысында елімізде ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зақым келтіру бойынша шамамен 7 мың қылмыстық іс тіркелді. Естеріңізге сала кетсем, бұрын мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік бар болатын. Осылайша, аса ауыр тұрмыстық қылмыс 2,2 пайызға, оның ішінде адам өлтіру — 6,4, денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру — 25,5, орташа ауыр зиян келтіру 12 пайызға төмендеді, — деді Ренат Зұлқайыров.

Еске салсақ, осыған дейін Атырауда жыл басынан бері зорлық-зомбылық дерегімен 30 қылмыстық іс тіркелгенін жаздық.

Kaz.inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.