“13 жыл бойы зорлап келген“. Жамбылдағы жантүршігерлік қылмыс полицияға жетт
Жамбыл облысында бірнеше жыл бойы жасалған зорлық-зомбылық әрекеті әшкереленді. 13 жыл бойы жиеніне жыныстық сипаттағы қорлық көрсетті деген күдікпен ер адамға қылмыстық іс қозғалды.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша барлық қажетті жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады департаменттегілер.
Еске салайық, бұған дейін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «One-Stop-Service — Бір қадам» жобасының жетекшісі Айман Омарова жәбірленушінің өз аузынан естіген жантүршігерлік оқиға жайлы баяндаған болатын.
Оның айтуынша, 2023 жылы жобаға жастайынан нағашысы, анасының ағасы тарапынан жыныстық зорлық-зомбылық көрген қыз өтініш білдірген. Бойжеткеннің туыстарына, мұғалімдеріне және полицияға жазған арыздары нәтиже бермеген. Оның 13 жылдан астам уақыт өмірі «тозаққа» айналған.
«Ол нағашысының оны сегіз жасынан бері зорлап келе жатқанын айтты. Бұл туралы нағашысының әйеліне айтқан. Бірақ ол баланы керісінше «күйеуімді тартып алмақшысың» деп айыптады. Оған қоса, қыз зорлық-зомбылық туралы өзінің туған анасына да айтқан. Ол оны ауруханаға апарып, тексертіп, қызы мамандарға жағдайды толық айтып берген. Дәрігерлер дереу полиция шақыртқан. Бірақ қыздың анасы оның сөзін жоққа шығарып, үйге алып кеткен. Полицияның түскен арыз бойынша не себепті жұмыс істемегені белгісіз», — деді Айман Омарова.
Ал 2019 жылы жеті апталық жүктілікпен 15 жастағы қыз аудандық ауруханаға жүгінген. Бірақ сонда да істің бәріне күдікті нағашы ағасы бостандықта жүрген.
Не жақындарынан, не жауапты органдардан қорғау таба алмаған жәбірленуші бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсауға оқталып, үйінен қашып кеткен. Бұл оқиға көпшілікке жария етілгеннен кейін ғана биыл қайта қолға алынып отыр.