Жамбыл облысында 2024 жылы 115 спорт нысаны ел игілігіне берілді

0 9

​Жамбыл облысында 2024 жылы 115 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 спорт кешені және 103 спорт алаңшасы бар. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды.


Жиында спорт саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер талқыланды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың хабарлауынша, 2024 жылы 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілді. Оның 9-ы қолданысқа беріліп, биыл қалған 6 спорт нысаны табысталады.
​Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда 103 спорт алаңшасы ел игілігіне тапсырылды. Демеушілердің есебінен 3 ауылдық елді мекенде спорт кешені ашылды.
​Нәтижесінде облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызды құрады.
​Жалпы облыста 2 353 спорт нысаны бар.
​Биыл 8 жаңа спорт кешенінің құрылысы қарқын алады деп күтілуде.
​Өткен жылы спорт саласының шығындарына 15,8 млрд. теңге бөлінсе, биыл 17,6 млрд. теңге қарастырылып отыр.
​Ағымдағы жылы бұқаралық спортты дамытуға 460, 9 млн. теңге жұмсалады.
​Бүгінде 28 872 спортшымен 1 195 жаттықтырушы тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
​18 спорт түрі бойынша 6 871 бала (5-17 жас аралығындағы) спорт секцияларына тегін қатысып жүр.

Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, тұрғындарды дене шықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 285 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.
​2024 жылдың қорытындысы бойынша 4 034 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 363 мың жамбылдық қамтылды.
​503 мың адам немесе облыс халқының 41,2 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
​Облыс спортшылары 1 797-і медальді қанжығасына байлады (алтын — 658, күміс — 570, қола — 569).
​Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметов чемпион атанса, XVII жазғы Паралимпиада ойындарында пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали күміс жүлдеге ие болды.
​V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 17 жамбылдық спортшы сегіз спорт түрі бойынша ел намысын қорғады. Нәтижесінде қоржынға 7 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль түсті.
​Сондай-ақ басқарма басшысы баяндамасында спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, байрақты бәсекелерді жоғары нәтижеге қол жеткізу, бәсекелестікті арттыру, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелеріне кеңінен тоқталды.
​Облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту мәселесіне көңіл бөліп, спортпен шұғылданушылар санын және халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін одан әрі арттыру бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді. Спорт нысандары халыққа қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс.
​Ербол Қарашөкеев өңірдегі спорт нысандарының жай-күйіне ерекше назар аударды. Ол дене шынықтыру және спорт басқармасына құрылысы жүріп жатқан және қолданыстағы спорт нысандарын жүйелі түрде зерделеуді, ондағы анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруді, сондай-ақ 2028 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындықты қазірден күшейтуді тапсырды.
​Басқосу барысында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің спорт саласын дамыту туралы есебі тыңдалды.
​Сондай-ақ облыс әкімінің Шу ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы барысы қаралды.

​- Халық көтерген мәселелерге құлақ асып, шешу жолдарын қарастыруды қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деп облыс әкімі кеңесті түйіндеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.