Жамбылдық құқық қорғау саласының өкілдері жастармен кездесті
Бүгін М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Тәуелсіздік залында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау саласының өкілдері жастармен кездесті. Шараға облыстық құқық қорғау органдарының өкілдері, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушылары мен студенттері және бірқатар белсенді жастар қатысты.
Дөңгелек үстелді облыс әкімінің орынбасары С. Сәлемов жүргізіп отырды.
– Заң мен тәртіптің дұрыс үйлесімі – қоғамның дамуына, өздеріңіздей жастарымыздың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады. ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесулер ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта облысымыздың әр ауданында осындай шаралар өткізіледі, – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары С.Сәлемов.
Кездесу барысында Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Жанаев, Тараз қаласының прокуроры Н. Боранбаев және М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің проректоры А. Тұрлыбек баяндама жасап, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында атқарылған жұмыстар және алдарғы жоспарларымен бөлісті.