Балқашты зерттеу гранты: Франция 1,35 млн еуро қаржыны қашан бөледі
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Францияның даму агенттігі Балқашты зерттеу үшін бөлетін 1,35 млн еуролық грантқа қатысты жұмыс қалай жүріп жатқанын мәлімдеді.
— ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) Балқаш көлін сақтау бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты. AFD Балқаш көлінің су жинау алаңын сақтау бойынша шеберлік жоспарын әзірлеуге грант қарастыруда. Осы жұмыс аясында BRGM кешенді зерттеулер жүргізеді және Балқаш көлінің су ресурстарын тұрақты басқару стратегиясын әзірлейді. Зерттеу әдістері су ресурстары мен суды пайдаланудың ағымдағы күйін талдау үшін спутниктік альтиметрия мен гидрологиялық модельдерді пайдалануды, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен адам әрекетінің әсерін ескере отырып, болашақ өзгерістерді модельдеуді қамтиды, — делінген Kazinform-ның ресми сауалына жолдаған жауапта.
Сондай-ақ министрлік Қапшағай су қоймасының жұмысын оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Балқаш көліне құятын және одан шығатын су ағынын модельдеу жүргізілетінін мәлімдеді.
— Осы жоба шеңберінде мастер-жоспар мазмұнын жасау бойынша жұмыстар басталды. Мастер-жоспарды жасау аяқталғаннан кейін Балқаш көлінің су жинау алаңын далалық жерүсті зерттеу жұмыстары басталады, — деп жазылған жауапта.
Ведомство өкілдері қазіргі таңда бұл бөлінетін қаржымен нақты қандай зерттеу жүргізілетіні талқыланып жатқанын айтты. Қаржы бөлінген күннің өзінде жұмыстарды Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) жүзеге асырады. Ал қазақстандық тарап тек тапсырыс беруші және бақылаушы рөлінде болмақ.
Еске сала кетсек, былтыр Франция Балқаштың экологиялық жағдайын зерттеуге грант бөлетіні жайлы хабарланды.
Сондай-ақ Қазақмыс компаниясы Балқаштың экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөлетінін мәлімдеген еді.