«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысында экологиялық мәдениетті дамыту
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде.
Эколоиялық акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру болса, акция аясында түрлі ағартушылық акциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілуде.
Осы ретте, 4 ақпан күні Жамбыл облысында экологиялық акция кең көлемде өткізілді.
Атап айтқанда, Тараз қаласында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінде студенттер арасында «Таза өлке» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Шара аясында қатысушыларға экологиялық мәдениет туралы кең түсінік берілді.
«Бүгінгі дөңгелек үстел жастар арасында, әсіресе, оқушылар мен студенттер арасында қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді. Акция арқылы туған жерді сүю, табиғи байлықты сақтау, оны таза ұстап, жасыл желекті арттыу ұғымы терең қалыптаса түседі. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы әрбір қазақстандыққа өзінің маңыздылығын және елдің дамуына қосқан үлесін сезінуге мүмкіндік береді» – дейді белсенді жас М. Нұрділләұлы.
Осындай бағыттағы шаралар облыс аудандарында да ұйымдастырылды.
Жамбыл ауданында жастар арасында «Табиғатты аялайық» викторинасы ұйымдастырылса, Жуалы ауданында «Жастар – ел болашағы» атты дөңгелек үстел отырысы, Қордай ауданында «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» тақырыбында жастармен кездесу, Мойынқұм ауданында ауылдық округтер арасында «Таза аудан» челленджі өткізілді.
Т.Рысқұлов ауданында «Таза өлке бізге аманат» тақырыбында еңбек ардагерлері жастармен, Шу ауданында волонтерлар №10 Шу коллледжінің студенттерімен кездессе, Меркі ауданында жастар арасында «Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты флешмоб, Сарысу ауданында «Бірге – Таза Қазақстан!» тақырыбында эко-ойын, Талас ауданында «Таза Қазақстан – Таза әлем» атты жастардың жоғарғы сынып оқушыларымен кездесуі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, аталған шаралар облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы ағымдағы жылғы алғашқы апталық болып табылады. 2024 жылы акция барысында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 137,5 мың аулалар мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылып, 30 875 тонна қоқыс шығарылған болатын. Сондай-ақ 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылған.