ШЫРЫН МАМАСЕРІКОВАНЫҢ ЖИНАҒЫ БРАЙЛЬ ҚАРПІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы рухани құндылықтар тамырын жас жеткіншек санасына жеткізу, ұлтымыздың руханият дарабоздарының төл туындыларын насихаттау мақсатында «Ақынға 100 сұрақ» айдарымен көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келеді.
«Ақынға 100 сұрақ» форматындағы іс-шара бұл жолы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығына арналды. Жиын барысында ақынның «Елге деген махаббат» атты туындысының Брайль қарпіндегі және аудио форматындағы үнтаспасының тұсауы кесілді.
”Өлеңімнің әр жолы — өмірбаян” деп аталатын әдеби кеш ақынның балалық шағынан үзік сыр шертетін сахналық қойылыммен басталып, сұрақ-жауап айдарына ұласты. Белгілі ақын Ғайни Әлімбекқызы, айтыскер, Мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыров, «Анаға тағзым» орталығының директоры, қоғам белсендісі Эльмира Мырза-Ғали кештің қадірлі қонақтарының қатарынан табылып, Шырын шығармашылығының шырыны жайында ой өрбітті. Сонымен бірге, ақын Арайлы Жақсылық бастаған «Інжу-маржан» қаламгер қыздар кеңесінің мүшелігіндегі ақын қыздар Шырын Мамасерікованы 80 жас мерейтойымен құттықтап, шапан жапты.
Кеш соңында ақын ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғысын айтып, жырдан шашу шашты.
Зиялы қоғам өкілдері, жергілікті қаламгерлер, кітапханашылар мен оқырмандар «Ақынға — 100 сұрақ» форматымен түрлі көкейкесті сауалдарын қою арқылы қаламгерді жан – жақты қырынан тануға мүмкіндік алды.