«Сарсаң» кітабының таныстырылымы өтті
- С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жазушы Жанасыл Серікболдың «Сарсаң» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға оқырмандар мен қаламгерлер қатысты.
Кездесу барысында «Сарсаң» романына әдеби талқылау жасалды. Романда ауылдан Алматыға енді келген жас студенттің басынан кешкен қарапайым оқиғасы баяндалады. Кейіпкері көп болмаса да Алматының көп сырын, көп қырын қамтыған. Оқиға желісі төрт кейіпкердің де бірінші жақтан баяндауы арқылы өрбиді. Алматыға алғаш келген жастардың көбі осы романдағы оқиғаны бастан кешкені анық.
Кітапқа романнан бөлек бірнеше әңгіме, новелла енген. Алып шаһардың тарихын қысқаша қамтыған «Жүректерде гүлдеу» эссесінің де шаһар жайлы танымды қалыптастыру тұрғысындағы құндылығы жоғары екендігін аңғарамыз. «Алматы мезгілдері» эссесі ару қаланың төрт мезгілдегі лирикалық бейнесі іспетті. «Сары пиджак» әңгімесі мен «Сәлем, Шынар!» новелласы да осы қалада жылда болып жатқан оқиғаларды аз ғана кейіпкерлер арқылы ашқан туындылар.