Алматыда Абай мұрасы кеңінен насихатталып жатыр
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Мерейтойға орай Алматы мектептерінде ұлы ақынға арналған бұрыштар ашылып, ағартушының мұрасы кеңінен насихатталып жатыр. Абайтану іліміне қатысты жинақтар жарық көріп, әр түрлі танымдық көрмелер ұйымдастырылуда.
Алматыдағы №104 жалпы орта мектебінде биыл арнайы «Абай бұрышы» ашылған. Мұнда ғұламаның жеке шығармашылығы мен өмірбаяны қамтылған 100-ге жуық кітап бар. Одан бөлек QR-код арқылы ақын туралы өзге де тың деректерге қол жеткізуге болады.
Сәрсенкүл Әміре, кітапхана меңгерушісі:
Бұл бұрыш Абай мұрасымен танысуға мүмкіндік береді және оқушылар ойландырған, толғандырған сұрақтарға жауап алады. Қазіргі кезде кітап қоры жеткілікті. Алдағы уақытта толықтырамыз.
Білім ордасында кемеңгерге арналған сынып та бар. Оқу бөлмесі жеткіншектерді қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне, тарихқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында жасақталған. Соның арқасында хәкімге деген құрмет артып, абайтану көкжиегі кеңейіп келеді, — дейді ұстаздар.
Оқушы:
Абай – асқан поэтикалық қуаттың иесі. Қазақ халқының мақтанышы. Абай сияқты халықтың рухани шығармашылығын осынша жоғары бағалаған қазақ ақыны әлі кездескен жоқ.
Ағартушының 180 жылдығы биыл кең көлемде атап өтілмек. Мерейтой аясында ақын атындағы университетте ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Рахымбет Жетібай, Абай атындағы ҚазҰПУ бөлім директоры:
Жастарға тәрбиелік бағыт бойынша бізде «Менің пірім-Сүйінбай» деген халықаралық дәстүрлі айтысымыз бар. Сол айтыстың биылғы тақырыбы да, негізгі мазмұны да Абайдың 180 жылдығына арналады. Сонымен қатар халықаралық деңгейде «Абай руханияты» атты Түркі халықтарының симпозиумын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, сәуір айында.
Абайды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныту, оны жаңа Қазақстанның бренді ретінде кеңінен таныстыру – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Президент те осы ойды баса айтқан болатын.
https://qazaqstan.tv/index.php/news/206045/