Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін
Бұл жөнінде археолог Дмитрий Воякин мәлім етті. Кескен-Күйік қалашығы Қазалы ауданына қарасты Бозкөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Тарих беттерінде ол VІІ-Х ғасырлардан белгілі болып отыр.
— Оғыз дәуірінің көрнекті ескерткіші ретінде танылған қалашықтың көлемі 560×700 метр. Қала шикі кірпіштен қаланған. Сыртқы қорған қабырғамен қоршалған. Оның қазіргі күні сақталған биіктігі 2 метрге жуық. Қаланың ең мықты жоғарғы қабаты VII–IX ғасырмен мерзімделеді Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С. П. Толстов) жұмысы нәтижесінде 1946 жылы көптеген дерек анықталған. Ал 1958 жылы мәскеулік биолог В.Смирин, 1963 жылы Б.Вайнбергтің басқаруымен қазба жұмыстары қолға алынған. Содан бері күні бүгінге дейін қазба жұмыстары жалғасып келеді. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) қолдауымен 2006 жылы фотофиксация жасалып, координаттары алынды. 2007 жылдан бастап ескерткішті Алматы қаласында орналасқан «Археологиялық сараптама» ЖШС барлау жасағы зерттеген. 2019 жылдан «Рутрум» ЖШС тұрақты қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстары Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен «Археологиялық жұмыстардың жоспарына» енгізілген, — деді облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» КММ директоры Ерғазы Алданазаров.
https://kaz.inform.kz/news/kesken-kuyk-kalashigi-yunesko-buklalemdk-mura-tzmne-engzlu-mumkn-f8c7f4/