Тоғыз кітаптың тұсауы кесілді
Астана қаласында ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Ұлы дала» жобасының кезекті тұсаукесер рәсімі өтті.Шетелдегі қазақ қаламгерлерінің туындыларын жинақтап, бастырып, Атажұрттағы және сырттағы қалың оқырманға ұсынуды мақсұт еткен бұл ілкімді жобаны «Отандастар қоры» КеАҚ-ы ҚР Жазушылар одағының кәсіби тұрғыдағы қолдауымен өткізіп келе жатыр.Ұлы Дала» – әлемнің қырықтан астам елінде тұрып жатқан қазақтардың мәдени және әдеби мұраларын зерттеу, жинақтау, оларды басып шығару және көпшілікке таратуды мақсат ететін бірегей жоба. Шетелдерде тұратын немесе бүгіндері арамызда жоқ қазақ қаламгерлерінің шығармашылық еңбектерін Атажұрт Қазақстанда кеңінен танытып, олардың тудырған мәдени мұрасын насихаттау – жобаның басты мақсаты.Биыл үшінші рет өткізіліп отырған жоба бойынша жарық көрген кітаптардың Астана қаласындағы тұсаукесер рәсіміне «Отандастар қоры» КеАҚ басшылығы мен жауапты өкілдері, ҚР Жазушылар одағының хатшысы, әрі Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Парламент сенатының депутаты Ғалисақар Сарыбаев және кітабы жарық көрген ақындар мен жазушылардың ұрпақтары, туыстары, қаламдастары қатысты. «Отандастар қоры» КеАҚ президентінің кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалыбек Қобландин мырза іс-шара тізгінін ұстап, жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған «Отандастар қоры» КеАҚ президенті, «Отандастар қоры» КЕАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Данияр Қадыров бүгінгі іс-шараның маңызы туралы кеңінен тоқталып өтті:– Құрметті ағайын! Ең әуелі «Отандастар қоры» КеАҚ тарапынан ұйымдастырылып отырған бүгінгі іс-шарамызға уақыт тауып келгендеріңіз үшін рақмет! Шетелде тұратын қандастарды рухани қолдау тұрғысында жүзеге асырылып жатқан «Ұлы дала» сериясы бойынша кітаптар шығару ісі 2023 жылы бастап бастау алған еді. Міне содан бері жиырма шақты кітап толымды тиражбен жарық көріп, еліміздің кітапханаларына және қандастарымыз өмір сүріп жатқан шетелдерге таратылды. Бұл игі үрдіс биыл да өз жалғасын тапты. Сол игілікті істің нәтижесі – бүгінгі өздеріңізбен бірге өткізгелі отырған тұсаукесер рәсімі болып отыр.