ӘР ЗАТТЫҢ ӨЗ КИЕСІ БАР…

0 9

Әр заттың өз киесі болады. Оны, әсіресе, тарихи жәдігерлерді сақтаған музей, әр жазуы алтынға пара-пар құнды құжаттарды ғасырлар елегінен өткізіп жеткізетін архив сынды мекемелер жақсы біледі. Заттың, жазбаның иесіне қарай оның да киесімен бірге мінезі де болатынын айтқым келеді. Архивте жұмыс жасаған 7 жылдық тәжірибемде ондай мысалдар көп кездесті. Әдетте болмысы бөлек, мінезді адамдардың құжаты да алдыңа жеткенше бір оқиғасымен келетіні бар. Ондай адамдардың құжатымен жұмыс жасағанда, кейде Сфинкстің жұмбағын шешкендей күй кешесің. Ал тірісінде тірлігі бір тоға, өзі жайлы болғандардың құжаты қолыңа жылдам-ақ жетіп, жұмысыңды қиналмай, ойдағыдай аяқтайсың. Осыған ұқсас әңгімені сирек, көне кітаптардың қормен жұмыс жасайтын кітапханашылардан да естігенім бар. Олар әдетте кітап та өз оқырманын күтіп, сырын тек таңдаулысына ғана ашатынын айтады. Ал музейде ше?! Музейде де дәл солай екеніне шүбәм жоқ. Тек ондағы жәдігерлер өз тарихын арқалап келетіні бар. Сонысымен қызықты, елді елең еткізеді. Әсіресе тылсыммен байланысты жәдігерлердің сыры тіпті бөлек. Бір қарағанда көзге іліп аларлығы жоқ заттар өз иесінің бір бөлшегі болып кеткенін оқиғасын естіп білгеннен кейін ғана аңғарамыз.


Мәселен, Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайындағы әрбір экспонат ақын өмірімен байланысты және оның шығармашылығының белгілі бір кезеңін көрсетеді. Соның ішінде елге аңыз болып тараған Жамбылдың кабинетіндегі сағат бар. Оның ерекшелігі — ұлы ақынның жүрегі тоқтап қалған уақытты көрсетіп тұруында. Яғни, сағаттың тілі 7 сағат 55 минутты көрсетіп, мәңгі тоқтап қалған.
Мұндай белгілерді қарапайым адамдардың аузынан: «пәленше қайтқанда сағаты тоқтап қалыпты» деп талай естігеніміз де бар. Содан да болар өте ырымшыл қытай халықының ежелден сағат сыйламайтыны. Оның өз себептері де бар екен. Қытай халқының өлімді бейнелейтін иероглифтарының бірі дәл осы қол сағаттағы хронографтың бейнесімен ұқсас келеді дейді. Ол бейнені көргенде, «өлім» тілеп отыр деген оймен сағат сыйлауға өз қарсылықтарын білдіреді. Расында, нанымдары өзгеше.
Ал Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы батыр Бауыржан Момышұлының музейінде оның да соңғы сапарға аттанарынан белгі берген зат сақтаулы. Ол – аспалы шам (люстра). Оның тарихын келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» кітабында тәптіштеп айтқан.
Қазақтың салт-дәстүрлеріне ерекше қызыққан чех жазушысы Вацлав Кубик 1962 жылы Алматыға арнайы ат басын бұрып, Бауыржан Момышұлының үйінде қонақ болыпты. Екеуі ұзақ сұхбаттасып, қазақы қонақжайлылықпен ер Бәукең Вацлавтың өзіне «қуыс үйден құр шықпайдының» керімен сый жасап, «сәлемдеме» ұғымын ұқтырып, жарына да жақсы сый бергізген. Бұл оқиғадан кейін Батыр Бауыржан 1963 жылы Кубада болып, қайтар жолында Чехославакия арқылы жүріп, Прагада бір аптадай аялдайды. Ол жайында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, хабарды естіген Вацлав Кубик батырды үйіне шақырып, қонақ етеді. Қонағын шығарып салып жатқан чех жазушысы орайы келгенде ер Бәукеңнің қарсылығына қарамастан, үйдегі жеңгейге сәлемдеме сыйын тапсырған. Содан бергі қазақ халқының салт-дәстүріне, қазақтың қонақжайлылығына деген құрметтің белгісі болып елде жоқ осы аспалы шам батырдың бөлмесінде көз алдында жарығын төгіп, ұзақ қызмет еткен екен.
1996 жылы Бауыржан Момышұлының жаңадан ашылған музейіне Зейнеп Ахметова атасының өзге заттарымен бірге осы шамды да табыстаған. Бұл музейге бірнеше рет барып, қайдан келген сый екенін естіп жүргенімізбен, дәл сол шамның екі шырағы бір сөніп, кейін тіпті батырдың дүние саларынан бір апта бұрын жарқ-жұрқ жанып, істен шыққанын оқығанымда, әруақты адам екеніне тағы да көзім жетті.


Батырдың келіні бұл шам туралы «Бабалар аманатында» былай дейді: «… 1982 жылы маусымның 3-і күні шамды жағып қалғаным сол еді, шатыр-шұтыр етіп от шығып, іле-шала құлап түсті. Моншақтары кілем үстіне тарыдай шашылып жатыр. Жағымсыз түтін иісі қолқаны атады. Мұндай қорықпаспын, біразға дейін дірілімді баса алмадым. Жүрегім біз сұққандай шаншып-шаншып кетті. Бұрын мұндай ауыратыны жоқ еді. «Құдай-ай! Сақтай гөр! Сақтай гөр!» — деп үлкен бір қатерді сезгендей қайталай беріппін. Ата қатты сырқаттанып ауруханада жатқан. Шамның құлауы жай болмады. Жаратқан ием бізге белгі бергендей тура жеті күннен соң, маусымның 10 жұлдызында атаның шырағы сөніп, өмірден өтті. Ата: «Құдайға сенбейтін адам тылсымға да сенбейді. Алла пенделеріне әркез белгі беріп тұрады, алайда адамдар түсінбейді. Түсінбеген соң қабылдай алмайды. Бәрін кездейсоқтыққа апарып тірей салады. Кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Рухани өсу жоқ жерде тәннің ауырлығы адамшылықтан гөрі пендешілікті алға шығарады. Мұның бәрі құдайға деген сенімсіздіктен туады» деуші еді».
Батырдың айтқан бұл сөзіне де мысал келтіргім келді. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза күнделігінде 1991 жылдың 21 қазанында Отырарға, Арыстанбап кесенесіне барғаны жайында жазыпты. Сонда тылсым күш турасында мынадай жазба қалдырған: «…Арыстан бап. Біз барғанда күн батып еді. Соңғы сәулемен Арыстан бап ерекше нұрланып тұрғандай көрінді. Фотоаппаратты алып түсірмек болдым. Бірдеңе сырт етті де аппараттың шамы жанбай қойды. Түймесін қайта-қайта бастым, аппарат істен шықты. Ғимаратқа кіріп Арыстан бап мазарының басында молдаға дұға оқытып, дұға қылдық. Қайтар жолда «шынымен бұзылды ма» деп аппараттың түймесін басып көріп едім – жарқ ете қалды. Сенейін бе, сенбейін бе?».
Арыстанбап, Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне барғандардан мұндай оқиғаны да ертеректе жиі естуші едік. Кім біледі, техниканың қуаттана түскенінен бе, әлде көп ақпараттың ішінде жұтылып, қоғамға қажетсіз «ертегідей» болғанынан ба, мүмкін адамдардың тылсымға деген сенімі қашып, барлығына да ғылыми дәйегі дайын тұратынынан ба, мұндайды естуіміз сирегендей. Дегенімен, бұл тылсым белгілер жоқ деген сөз емес. Кейде адамның өзіне де ілгері қарай жүру үшін тылсымға, ғажайыпқа деген сенім қажет сияқты.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы Руханият және
тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер»
бөлімінің меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.