Гүлзада Ниетқалиева. Қаройдан соққан қоңыр жел
Қазіргі қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзия толысып, гүлденген, кемеліне келген поэзия. Қазақ поэзиясы бүгінгі күні азуын айға білеген ақындармен толыққаны тағы рас. Сондай ақындардың жоғары санатынан Маржан Ершуды (Айек) танимыз. Маржан поэзиясын оқи отырып, Ақ Жайық өңірін мекендеген халықтың жалынды жігерін, өршіл рухын көретініміз айқын. Сыршыл лирикасынан бастап, азаматтық поэзияға дейін өскен, толысқан ақынның жырларынан отаншылдық леп, ұлттық рух, өмірге деген ыстық махаббат жалыны бетті шарпиды. Күйкі бастың қамын емес, елдің мұңы мен сырына үн қосқан, патриоттық-адамгершілік сарында жазатын ақын қыздың өлеңдері қайрақтай қайратқа толы.
Иә, ол қолына қалам алып, елге аты танылғаннан бастап, елдің қамын жеген, елі үшін отқа да, суға түскен, өнерімен елдің даңқын шығарған қаһарман тұлғалар туралы, жақсылар мен жайсаңдардың өнеге толы өмірін өлеңге арқау етіп келеді. Әдебиеттің барлық жанрында да өз қолтаңбасын танытқан ақын қыздың әр туындысы зергердің қолынан шыққан бұйымдай әдемі.Мұңды айтып, мұңға батырып жібермейді, ерлікті айтып, есіртіп аспандатып та жібермейді. Шығармаларының тілі жеңіл, әрі жас-кәріге бірдей түсінікті. Қысқа жазса, көп мағына-ой сыйғызады, ұзақ жазса да, жалықтырып жібермейді. Ой мен сезімі, парасат пен көркемдігі шеберлікпен өріледі. Маржан өзінің ақын замандастарына қарағанда әдебиетте өнімді еңбек етіп келе жатқан ақын. Ол тамшылатып жазбайды, төгіп жазғанды ұнатады. Мұндай кісінің айналасымен арқа-жарқа араласып, той тойлатып жүруге көп құлқы болмайтын болуы керек. Себебі, пиар, жарнамасы жоқ ақын.