Мыңмен жалғыз алысқан (Шерхан Мұртазаға)

0 4

Тайғақ кешсе, тайдырмаған тағасын,
Жағаласса, жыртқызбаған жағасын.
Бүгінгінің Бауыржаны Шер-ағаң,
Жоқтатпаған атышулы ағасын.

Ақыл да бар, айбын да бар, бар ұстам,
Жаралғандай текті кек пен намыстан.
Ұлттың бауыр, жаны болса Бауыржан,
Ал Шерханның қазақшасы – Арыстан.

От пен оққа толтырып көз шарасын,
Ағаңа ұқсас алайып бір қарасың.
Арыстандай, аға, сен де дарасың,
Өзі жалап жазатын өз жарасын.

Қазақ деген көнтерілі халық қой,
Күн туғанша көрсетпейтін анық бой.
Қарап тұрсам, қой мінезді қазақта
Арыстандар аз екені анық қой.

Кейде иттер атанып жүр арыстан,
Қасқырларға қашып үріп алыстан.
Шын арыстан Шер-ағаңдар емес пе
Шындық үшін мыңмен жалғыз алысқан?!

Айбарланып, әруақты шақырып,
Ызаланар, ыңыранар, аһ ұрып —
Арыстанның айбыны не тұрады,
Анда-санда тұрса болды ақырып.

Қайсар тұлға, қайыспайтын қайраткер,
Халқы отыр жүрегінен сайлап төр.
Мақтанамын көрген сайын осындай
Қазақта да бар-ау деп бір айбатты Ер!

Нарша Қашағанұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.