Өмір үшін күрес
“Өмір үшін күрес”: Жамиля Бахтиярқызы көпшілікке үміт сыйлаған қаламгер
Алматылық бойжеткен Түркістан облысы, Төлеби ауданының тумасы. Жазушының “Бәйшешек” атты тырнақалды алғашқы туындысы қалың оқырманның жүрегін жаулады. Себебі кітап мұзды жарып шыққан жас жүректің дүрсілімен үндеседі. Ауыр дертпен арпалысқан бойжеткеннің балалық шағы суреттеледі. Жәмиля «Бәйшешек» кітабында ауыр күндерін баяндай келе түйген ойларын жазған.
«Өзімді әлсіз сезінген, ауырған, өз күшіммен тыныс ала алмаған әрбір күнімді сипаттай келе, сол сәттерде мені не алға қарай сүйреді, жігер, қуатты қайдан алғанымды осы кітабымда жаздым», — дейді жас қаламгер.
Кітапта өмір мен өлім арасындағы күресі сипатталады.
«Бұл жер жансақтау
бөлімі еді. Бір сәт жерге қайта түстім. Жоқ, жерге емес, талайды мәңгілік сапарға шығарып салған, талайды мәңгілік белгісіздік мекеніне — өмірге қайта аттандырған темір төсекке оралдым. Адамды өз қалауынсыз ұйықтатып тастайтын ащы дәрінің әсерінен болар, көзімді аша алмадым. Тағы да қараңғылық. Екі әлем мен үшін таласты, ал мен өмір үшін күрестім. Осындай күйде қанша минут, қанша сағат, қанша күн, қанша түн жатқаным белгісіз», — деп жазылған кітапта.
Бойжеткен қыздың жүрегінен шыққан үзік сыр тарихқа айналды. Оның тағдыры ғасырдан ғасырға жететін мотивациялық, рухани кітап болып жазылды.
Автордың өзі кітабы жайында сыр шертіп, “Бәйшешектің” сынаққа тап болған адамдар үшін үміт шырағы екені айтты.
«Бәйшешек» кітабы мен үшін қоғамға, оқырманға, әсіресе мен сияқты сынаққа тап болған адамға үн тастау. Кітап арқылы өмірде ғажайыптар болатынына сендіру. Бұл осындай сынаққа тап болғанда адамдар не істеуі керек, қандай ұстанымда, ойда болуы керек деген ойды жеткізу үшін өз басымнан өткенді мысалға ала отырып, тәжірибемнің нәтижесінде жазылған кітап. Оны бір адам оқыса да, үмітінің шырағы болса, өмірге деген махаббатын оятса, шын мәнінде жазушы ретінде мен бақыттымын», — дейді ол.
Жамиля 2023 жылы жарық көрген “Қарлығаш. Махаббат ескерткіші” кітабы туралы да сөз қозғады.
“Жаңа шығарма, кішігірім десек болады. Қарлығаш атты жас қыздың махаббат тағдыры негізінде жазылған шығарма және де тек махаббат тақырыбында ғана емес, жас қыздың атасымен сырласу арқылы дүниедегі көптеген сұрақтарға жауап алуы бұл шығармадағы негізге идеяның бірі – қазақтың өте сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, ұрпағына сөзі өтетін, данагөй қариясының образын қалыптастыру. Ақсақал немерелерімен, соның ішінде Қарлығашпен сөйлесіп отырып, көптеген сауалдарына жауап береді. Атасымен сырласу арқылы Қарлығаштың махаббат тағдыры баяндалады”, — дейді жазушы қыз.
Алайда бұл кітап Жамиляның тағдырына негізделмеген, керісінше бойжеткеннің қиялынан туындаған туынды екен.