«Киік жаппай қырылып жатыр»..

0 524

«Солтүстік Қазақстанда киік жаппай қырылып жатыр» деп дүрліктірген хабарды отандық БАҚ-та жерден жеті қоян тапқандай жариялап, жұрттың бәрін елең еткізді. Біз осы хабарды анықтамақ болып, Солтүстік Қазақстанның тиісті қызметтеріне жүгіндік.

Рас, киіктің әлі толық жетілмеген былтырғы лақтары тоя тамақ жемегендіктен көктемге әлсіреп шығып, оның үстіне қазір қар астынан жемазық таба алмай, бірлі-жарым өліп жатыр екен. Бұл уақытта жердің қары кетіп, жол аяғы кеңіп, киіктің тұмсығы былтырғы қауға тиюге тиісті еді. Бірақ биылғы қалың қар кете қоймай, оның үстіне бір еріп, бір қатып, тұяғы әлсіз жәндіктер көктайғақты жара алмағандықтан, азық таба алмай жатыр екен. Кейде байғұстар қалың қары кеткен жолдың жиегіне дейін келіп, астынан былтырғы қауды түртетін көрінеді. Ондайда кейбір санасыз жүргіншілер қызықтап, оларды не атып алып немесе соғып кететін көрінеді.

«Киік жаппай қырылып жатыр» деген дақпырттың анық-қанығын біз орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясынан білдік. Бізге осы қызметтің бөлім бастығы Олег Беспалов былай деп жауап берді: «Киік жаппай қырылып жатыр деген пікірлер шындыққа жанаспайды. Егер ондай болса, біз төтенше жағдай жариялар едік. Бірлі-жарым өліп жатқандар қар астындағы азыққа жете алмай, аштан өліп жатқандар. Сонымен бірге жол апатына ұшырап жатқандар да бар. Оның үстіне қаңғырған иттердің қуғынына түсіп жатқандар да ұшырасып қалады. Аң-құстың көктем кезінде өліп жатуы біздің үйренген көрінісіміз. Қыстан әлсіреп шыққан көптеген аң-құс азық-түлік аз болған соң өліп қалады. Біз өз тарапымыздан оларға шөп, жем шашып жатырмыз. 30 наурызға дейінгі мәлімет бойынша аңшылық шаруашылықтары 600 тоннадай шөп, 714 тонна жем, 774 тонна жем қалдықтарын шашты. Сонымен бірге 236 тонна буылған жапырақ (веник) шашылды. 14 тоннадай тұз жайылды», деді бізге О.Беспалов.

Шынында, киіктің қырылуы ешқандай апаттың себебінен емес. Жоғарыда айтқанымыздай оның басты себебі – бұл уақытта әлі де кетпей сіресіп жатып алған қалың қар. Жер де әлі қатып жатыр, суды сіңіре қоймайды. Сондықтан апы кіріп, күпі шыққандай лаулатудың қажеті жоқ деп санаймыз.

Солтүстік Қазақстан облысы  

Leave A Reply

Your email address will not be published.