Қадыр Мырза Әли 90 жыл
Жал-жая ма?
Қадірлеген атамыз.
Коньяк па?
Аздап дәмін татамыз.
Бәрін қойып дастарханға,
О тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз.
Бүгін көңіл семірді ғой,
Семірді!
Бітік егін жауып кетті өңірді.
Бір жүз грамм арақ емес,
Бір кезде
Бір үзім нан алып қалған өңірді.
Бір үзім нан – қолда кетпен ойнатқан,
Бір үзім нан – шымға соқа байлатқан.
Бір үзім нан – нулы көлде шөп шауып,
Бір үзім нан – қу далада қой баққан.
Бір үзім нан – жүк көтерген бір батпан,
Бір үзім нан – би билеткен, жырлатқан.
Бір үзім нан – кірпігіңді сулаған,
Бір үзім нан – омырауды құрғатқан.
Бір үзім нан,
Бас иемін ізетпен.
Бір үзім нан – жалғыз басты жүз еткен,
Бір үзім нан – майдандағы жігіттің
Ауылдағы абыройын күзеткен.
Кешіре гөр,
Бір үзім нан,
Асылым!
Кешіре гөр,
Көрсең бізден асылық!
Кешір мынау тоқ ұрпақ,
Тоқ буынды,
Аяқ асты жатсаң кейде басылып!
Татсақ енді
Бақыт дәмін татамыз
Асыл асын қадірлеген атамыз…
Бәрін қойып дастарханға,
О тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз.
Қадыр Мырза Әли