Ысырап пен арсыздық көп: шенеуніктер қазақтың тойына реформа жасамақ

0 8

Жамбыл облысының шенеуніктері тойға реформа жасауды жоспарлап отыр. Яғни, той өткізудің жаңа ережесі бекітілмек. Мұндай бастамаға сауықшыл халықтың шектен тыс шашылуы, асабалардың ас-жиында аузына келгенін айтуы себеп болыпты. Аймақтың ақсақалдар алқасы үндеу жасап, облыс әкімдігі оған қолдау білдірген.Жаңа талапқа сай той қалай өтеді? Тың бастама көптен қолдау таба ма? Ережесін кім жазады? Әріптесім Нұрадин Рақай біліп келді. Арнайы есеп жүргізген әкімдік жамбылдықтардың тойсыз күні өтпейтінін айғақтапты. Тек жексенбінің өзінде өңірде 30 мың адам тойханада төбе көрсетеді екен. Жаңа ереже көптің қуанышын көп көру емес, тойды тәрбие мектебіне айналдыру дейді жауаптылар. ЖАСҰЛАН ӘБДІХАЛЫҚ, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры: –Кейбір асабалар тым шектен шығып шоу жасаймын деп, күлдіремін деп бүлдіріп жатыр. Қарияларды жерге аунатып. Ырым, болмайтын тиымдар тауып алып жатыр. Жүгіртеді, шпагатка отырғызады. Соның бәрі әлеуметтік желіде қазақ өзін өзі мазаққа айналдырып жатырмыз. Тойдан тағлым деген қанатты сөз бұл күнде дәмсіз даңғаза думанға айналғаны жасырын емес. Бейәдеп би, орынсыз әзіл, ойсыз ойын бұл күнде тойдың жазылмаған заңдылығына айналғандай. Әлеуметтік желіде әжуә болған жағдайлар жетіп артылады. Дәл осындай оспадар қылық, мәнсіз мерекелер әр жерде аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ айтылғаннан өзгерген дәнеңе жоқ. Сондықтан ендігі жерде жауаптылар той өткізудің сценарийін жазуды бастап кеткен. ЖАСҰЛАН ӘБДІХАЛЫҚ, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры: – Жамбыл облысының ардагер зиялылары әкімге ұсыныс берген. Осы той мәселесі, той мәдениетін қалыптастырайық, бір жүйеге түсірейік, ережесін бекітейік деп. Соны әкімдік қолдап руханият орталығына тапсырма жүктеді. Біз келер жылы той мәдениетін қалай қалыптастырамыз деген методикалық нұсқаулық шығарамыз. Тойханаға төрт түлік кіргізу, той иесіне тұлпар мінгізу бос дарақылық дейді реформашы топ. Сондықтан сыналап болса да салт-дәстүрге сай өткізейік деп үндеу жариялаған. Бұл бастаманы 25 жылдық асабалық өтілі бар азамат қуана құптаймын дейді. ОРЫНБАСАР БАЙШҮКЕНОВ, асаба: – Жасап жатқан үндеуді қолдаймыз. Өйткені жүйе керек тойға. Той деген тәрбие мектебі. Той деген аузыңа келгенді айту емес. Ол жерде халыққа бірнәрсе болса да жақсы ой түйіп, жақсы бір әңгіме тыңдап, жақсы бір демалып қайтатын жаңашылдық керек. Жаңа бір реттеу керек. Жаңа ережеге сай жазылар той сценарийін жергілікті билік әр тойханаға таратуға құлықты. Оны қолдану қолданбау әрине той иесінің жеке шаруасы. Ешкім міндеттеп, мойнына ілмейді. Тек ұсыныс ретінде айтылады. Ал жаңадан жазылар ережеге қосар ой болса есік ашық, ескереміз дейді шенеуніктер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.