Ауыр диагноз қойылған азаматты әскер қатарына алып кеткен

0 128

Даниярдың қолында басының маңдай бөлігінде киста барын растайтын құжаттары бар. Соған қарамастан әскерге алып кетті, деп хабарлайды Orda.kz.

Tobolinfo.kz мәліметінше басына ота жасату үшін кезекте тұрған. Жоспар бойынша отаны күзде жасату керек еді, квотаның жоқтығынан келесі жылды тосуға мәжбүр болыпты.

 

«Облыстық медициналық комиссия ұлымның құжаттарын көрген соң үйге қайтарып жібереді деп ойлаған едім, ал олар оны бірден әскер қатарына алыпты! Оны осыған дейін әскерге жарамсыз деп таныған. Бұл жолы қалайша жарамды боп тұр?», — деді, Даниярдың анасы Олеся Евменова.

Анасының айтуынша, жаз айларында ұлының мұрынынан жиі қан ағып, талып қала берген.

«Әскер қатарында ауыр физикалық жаттығулар, дене белсенділігі денсаулығын нашарлатады. Ұлымның өмірі үшін қатты қорқамын!», — дейді Олеся.

Жас сарбаздың анасы Қорғаныс департаментіне және прокуратураға жүгінген, бірақ ешқандай әрекет болмаған. Ал Тараз қаласындағы ұлы борышын өтеп жатқан әскери бөлімге баруға ақшасы болмай отыр. Ол төрт бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана. Қорғаныс департаментінің мәліметінше, Даниярды қосымша тексеріске терапевтке жібергеннен кейін, ол кішігірім шектеулермен қызмет етуге жарамды деп танылған.

«Өзімен бірге барлық медициналық жазбалар, анықтамалық қағаздары бола тұра, ауыр диагноз қойылған ұлымды қалай әскерге жіберіп отыр? Қолындағы бір қағазға да көз жүгіртпегендері көрініп тұр!» — деді, сарбаздың анасы ашуланып.

Еске салар болсақ, Алматы қаласындағы 61993 әскери бөліміне аттанған Темірғали Данияр  екі айдан кейін жындыханаға түсті. Өз еркімен әскерге кеткен Данияр екі аптадан соң қысым көргенін ата-анасына айтқан. Сарбаздың анасы Сыражанова Салтанат Orda.kz редакцияcына сұхбат берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.