Шерзаттың ағасының соңғы хаты табылды
Талғарда кісі қолынан мерт болған Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтің қазасы жайлы тың дерек шықты. Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Бағдат Әшімов марқұм кетер алдында туыстарына хат жазғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘШІМОВ НЕ ДЕЙДІ
– Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз! – дейді Бағдат Әшімов.
Бұған дейін Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев көз жұмғанын растаған еді. Телеграм-арналарда “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өз-өзіне қол салған” деген ақпарат тараған. Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны терістеді.
ҚАЗА ЖАЙЛЫ
Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция да растаған. Ресми мәліметке сәйкес, Шерзаттың ағасы өз-өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеді.
– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, — делінген хабарламада.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер 16 жастағы жасөспірімді өлтіріп, бұл іс үлкен резонанс туғызған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Оған қоса қанды оқиғаның орнынан видео тараған кезде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов түңіліп, тіпті елден кетеміз деп мәлімдеген еді.
Осы оқиғадан кейін көп өтпей Алматы облысы Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылды. Ізінше, «Хутор» тобының лидері делінген Хасан Қасымбаевтың ағасы қызметінен кетті. Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов та қызметімен қош айтысты.