«Спорт – салауатты өмір серігі» атты спорттық жарыс өтті
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемесі мен Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен Қайрат Рысқұлбеков орталық саябағында спорт күні аталып өтті.
Спорт күнін қос мекеме шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ сынды спорттық ойын түрлерінен жарыс ретінде өткізді. Жарысқа «Қазақ соқырлар қоғамы» Жамбыл облыстық филиалының мүшелері, халықаралық, республика, облыс және қала көлемінде жоғарыда көрсетілген спорттық ойындардың жеңімпаздары қатысты. Ал төрелік еткен – Мүгедектерге арналған спорт клубының жаттықтырушысы Ерғазы Дулат Берікхасанұлы.
Жарыс нәтижесінде тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан ІІІ орынды Бекзат Таласбаев, ІІ орында Ришад Шамиль, І орынды Аружан Құттыбай иеленсе, 18 жасқа дейінгілер арасындағы шахмат ойынында ІІ орынды Бағым Жақсымбет, І орынды Даяна Жақсымбет алды. 18 жастан жоғарылар арасындағы шахмат ойынында ІІІ орынға Бахтияр Исатаев, ІІ орынға Еңлік Егимбаева, І орынға Фарид Сибагатуллин табан тіреді. Ал дойбыдан ІІІ орынды Ерлан Жақсылықов, ІІ орынды Асылбек Бөкеев алса, І орынды Иминэмир Миратаев алды.