Санкт-Петербургте «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш тақта ашылды
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісовтың Ресей ТЖМ Өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетіне сапары аясында «Халық қаһарманы» Мейіржан Айманов атындағы оқу аудиториясы мен ескерткіш тақтасының ашылу салтанаты өтті.
Ерлан Сәдкенұлы батырға көрсеткен құрметтері үшін оқу орнының басшылығына, ұжымына және білім алушыларына алғысын білдірді.
«Қазақстаннан алыс, Отанынан алыс жерде ол туралы естелікті мәңгі сақтағандарыңыз үшін рахмет. Бұл біздің еліміз үшін, әсіресе Мейіржан Аймановтың отбасы үшін маңызды», – деп атап өтті Ерлан Нұрпейісов.
Батырдың атын мәңгілікке қалдыру туралы бастаманы оның анасы көтерген болатын. Өз түлегін мақтан тұтатын оқу ордасы бұл идеяға бірден қолдау көрсеткен.
«Оның ерлігі біз үшін мәңгілікке батылдықтың, төзімділік пен мықтылықтың үлгісі болып қала береді. Ол туралы естелік тек өз елінде ғана емес, сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару ісінің білімі мен дағдыларын алған жерде өмір сүреді», – дейді университет өкілдері.
Мейіржан Айманов – университеттің «өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша 2015 жылғы түлегі. Азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдан бастап қызмет еткен ол Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендердегі су тасқынының салдарын жоюға бағытталған жедел-құтқару тобын бірнеше рет басқарды. Онда су айдау, тұрғындар мен материалдық құндылықтарды құтқару жұмыстарын сәтті ұйымдастырды.
2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылдық округінде орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің № 28349 әскери бөлімінің аумағында 697 шаршы метр алаңды алатын оқ-дәрілер қоймасы өртенді. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндірушілер гарнизоны толықтай көтерілді. Тілсіз жаудан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шекті. Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов жақын маңдағы өртті сөндіруге қатысып, жетекшілік етті. Апатты жою және әскери бөлімнің жанында тұратын бейбіт тұрғындардың шығынына жол бермеу үшін қажет нәрсенің бәрін жасады. Оқ-дәрілердің жарылуы мен қатты өрттің салдарынан М.Айманов ерлікпен қаза тапты.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа қайтыс болғаннан кейін айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тапсырыла отырып, «Халық қаһарманы» атағы берілді..
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан кейін Ерлан Нұрпейісов шетелден келіп білім алып жатқан курсанттармен және факультет басшылығымен кездесу өткізді. Жиында Қазақстаннан келген курсанттардың қызметіне, оқу мен жан-жақты дамуына қатысты мәселелер талқыланды.
Сапар аясында Е.Нұрпейісов университеттің тарихи мұражайында болып, материалдық-оқу базасымен танысты. Сондай-ақ оқу ордасының басшысы Богдан Гавкалюкпен бірге «Батырлар мемориалына» гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі 2024 жылғы түлектерді жеке құттықтап, 7 түлекке диплом тапсырды.