«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында 40 жыл жөндеу көрмеген көшелер жөндеуден өтуде
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 6 наурызында «AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өңірге келіп, Қаратау қаласының жұртшылығымен кездескен болатын. Жиында шағын қала тұрғындары көшелердің тоз-тозы шыққанын айтып, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталған еді.
Басқосуда партия төрағасы Ерлан Қошанов тұрғындар көтерген мәселенің орынды екенін тілге тиек етіп, көше жөндеу жұмыстары бақылауға алынатынын жеткізген. Араға көп уақыт салмай партияның халық алдында берген уәдесі орындалып, Қаратау қаласының 7,3 шақырым құрайтын 8 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Партияның халық алдындағы уәдесінің орындалғанына тұрғындар дән риза.
– Бұл көшелердің жөндеу көрмегенін біз шамалап 40 жыл деп айтамыз. Бірақ, көшелерге назар аударылмағанына 40 жылдан да көп болған. Осы мәселені біз Сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңінде «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа тілей жеткізген болатынбыз. Сол айтулы жиында партия төрағасы мәселені бірден назарға алып, Сайлауалды бағдарламаға енетінін айтқан еді. Айтылған уәде сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асып көшелерімізге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары кезінде партияның бақылау бекеттері қоғамдық бақылау қызметін де жоғары деңгейде жүргізді, – дейді қала тұрғыны Икрам Сүлеев.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында шағын шаһардың Қ.Тоқтыбайұлы, Е.Өмірұлы, А.Байтұрсынов, М.Есжанұлы, Қ.Сәтбаев, Қ.Жарқынбеков сынды көшелеріне асфальт төселді. Сондай-ақ, көше бойындағы аялдамалар жаңартылып, тратуарлар салынды. Тілге тиек ете кетерлігі, А.Байтұрсынов көшесінің жөндеу жұмысынан артылған қаржыға қосымша Ә.Байзатов көшесіне де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Жасыратыны жоқ, қала тұрғындарының көп шағымданатын мәселелерінің бірі осы көше болатын. Биыл олардың проблемалары партияның Сайлауалды бағдарламасына еніп, 8 бірдей көшесі жөнделді. Жөндеу барысында партия облыстық филиалы жанындағыПартиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелерімен партиялық бақылаужүргіздік, – дейді партия облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Ерғали Омаров.
Жалпы, орталығы Қаратау қаласы саналатын Талас ауданында биыл 7 партиялық бақылау бекеті құрылған болатын. Оның 3-і осы жол саласында құрылып, партиялық бақылау жүргізіп келеді.