Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған басты құжат

0 204

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады.
Ашығын айту керек, елімізде соңғы екі жылда саяси өзгерістер орын алуда. Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дамудың жаңа сатысына шықты. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Мәселен, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді.
Сондай-ақ, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысын айтпай кетпеске болмас. Біздің өңірде аталған комиссияның күшімен өткен жылы 200 мыңнан аса гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, биыл жыл басынан бері 94 мың гектар жер қайтарылды. Ал жыл соңына дейін игерусіз жатқан тағы 106 мың гектар жер қайтарылатын болады.
Расында, Мемлекет басшысы ұсынған жаңа саяси құжаттың мән-маңызы айрықша. Себебі, оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Онда еліміздің экономикалық бағдары анық көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын ілгерілетуде ауыл-аймақты дамытуға ден қойып отыр. Бұл бағытта да Үкіметке «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасын ары қарай да жандандыру туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
Біздің өңірден бастау алған тың бастаманың қазіргі аяқ алысы жаман емес. Бүгінгі күні облыста аталған жоба аясында жоспарланған қаражаттың 11,5 млрд. теңгесі аударылып несиелерді мақұлдау және есеп шоттарға аудару процесі жүруде. Қазіргі таңда 1051 жоба мақұлданып, 5 млрд. 954 млн. теңге өтінім берген тұрығындарға аударылды.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Жолдауда мемлекет басшысы бұл мәселеге де баса назар аударып, 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керектігін жеткізді.
Президент айтқан бастамалар партия назарында болады. Партияның сайлауалды бағдарламасында Байзакқ ауданында «Ақмола», Меркі ауданында «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3», Қордай ауданында «Қалғұтты», «Ырғайты» су қоймаларының құрылысын жүргізу нақты айтылған болатын. сонымен қатар қазір қолданыстағы Жуалы ауданындағы «Теріс-Ашыбұлақ», Қордай ауданындағы «Қарақоңыз», Сарысу ауданындағы «Ынталы» қоймалары жаңғыртылатын болады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта партияның қатаң бақылауына алынбақ.
Жолдауда Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Үкіметке партиямен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырып, жобаның игілігін бүкіл еліміз көруі қажеттігін баса айтты. Бұл жоба біздің өңірде де табысты әрі нәтижелі іске асып жатқанын айта кеткен жөн. Айталық, мамыр айынан бері облыстағы 10 ауданның 100-ге жуық ауылында 7 мыңнан аса азамат оқуға тартылды. Оқу барысында азаматтарымыз қаржылық мәселелерді шешу, ағымдағы несиелерді азайту, қолма-қол ақшаны басқару және шығындарын оңтайландыру сынды қаржылық басқаруды жан-жақты меңгеріп шықты.

Еліміздің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі аз емес. Әлемдік аренада ойып тұрып өз орнымызды нақтыладық. Дегенмен еліміздің басты байлығы береке-бірлігімізде жатыр. Сондықтан бабалар аманатына адалдық танытып, табанды еңбек етуіміз қажет.

Дауыл Бейсенқұлов,
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық
филиалының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.