Сарысуда спорт күні аталып өтуде
Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді.
Қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші — адамның денсаулығы десек, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны ерекше. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болады.
Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде аталып өтеді.
Бүгін айтулы мереке Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде спорт түрлерінен аудандық спартакиададан бастау алды.
Спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы қатысып, сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
—Біздің ауданымызда 5 спорт мектебі жұмыс істейді, оларда 84 жаттықтырушы 3 мыңға тарта баланы 20 спорт түрінен баулиды. Спорт мектептерінің жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Ауданда 250 спорт нысаны тұрғындарға қолжетімді. Аудан тұрғындарының 39,5 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады
Жыл басынан спортшыларымыз халықаралық, республикалық және облыстық турнирлерден 80 алтын, 87 күміс, 167 қола медальдар иеленді. Биыл 5 елді мекенде, атап айтқанда, Жаңатас қаласы, Саудакент, Тоғызкент, Ә.Бүркітбаев, Өндіріс ауылдарында 54,8 млн. теңгеге футбол, волейбол және стрит воркаут алаңшаларын орнату жоспарда бар.
Мұның барлығы түптеп келгенде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың қатарын көбейтеді. Ал, спортқа жастайынан баулу, олардың жарыс аренасында жоғарғы жетістіктерге жетуіне жағдай жасайды. Байрақты жарыстарда туымыз биік, жеңісті күндеріміз көп болсын, — деген аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков және спорт саласының ардагері Төленбек Әсембеков кәсіби мереке иелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында ауданымыздың спорт саласының дамуына өзіндік елеулі үлесін қосып, еңбекте үздік жетістіктерге жетіп жүрген жүрген бір топ азаматтар аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, «Аманат» партиясы аудандық филиалының марапаттары табыс етілді.
Жарысқа қатысушылар 6 командаға бөлініп, спорттың бірнеше түрінен, атап айтқанда қол күрес, қошқар көтеру, нысана көздеу (дартс), дойбы, футбол, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен бақ сынауда.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі