Маңызды мәселелер қаралды
Бүгін мәжіліс залда аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтті.
Аппараттық кеңестің күн тәртібінде бірінші «Барлық мәндегі автокөлік жолдарының жағдайы, қыс мезгілінде күтіп ұстауға дайындық жұмыстары туралы» мәселе қаралды. Аталған мәселеге байланысты аудан әкімдігінің ТҮКШ ЖК және ТҮИ бөлімінің басшысы Д. Шалбаев баяндама жасады.
Аудандағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 535,47 шақырымды құрайды.
Оның ішінде, облыстық мәні бар жолдар 281,8 шақырым, аудандық мәні бар жолдар 64,87 шақырым, елді мекендер жолы 188,8 шақырымды құрайды.
Биылғы жылы аудандағы жол құрылыс саласын жөндеуге 639,3 млн.теңге бөлінген.
Барлығы 12 жол жөндеу жобалары іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға ағымдағы жылдың басында келісім-шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Күн тәртібіндегі екінші «Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда қабылданып жатқан шаралар және жаңа оқу жылы қарсаңында сауда-саттық жәрмеңкелерін ұйымдастыру туралы» мәселе бойынша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж. Сақыпбеков айтып өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Жаңаталап ауылдық округі аппаратының жадынамаға сәйкес зерделеу қорытындысы бойынша» Сарысу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы З. Сейдалиев хабарлама жасады. Ағымдағы жылдың 16 тамызы күні арнайы жадынамаға сәйкес 15 тармақ бойынша Жаңаталап ауылдық округіне зерделеу жүргізілген. Хабарламашы атқарылған және атқарылуға тиісті жұмыстармен қатар,анықталған бірқатар кемшіліктерді айтып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы анықталған кемшіліктерді қалыпқа келтіру және жүйелі жұмыс жасау үшін жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі